Егіс алқаптарын автоматтандыру қажет – гидротехниктер
Су шаруашылығында еңбек өтілі бір ғасырға жуықтайтын Арыстанбаевтар әулеті егіс алқаптарын автоматтандыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды 24kz.
«Кәнігі сушылар тіршілік нәрін есепке алу технологиясын енгізбей, үнемдеуге көшу бос әңгіме», - дейді олар.
Шіліңгір шілдеде егістікті сумен қамту үшін Қызылорда өңіріндегі 850 гидротехник арық-атыз жағалап жүр. Сала мамандарын кәсіби мерекесімен тілшіміз құттықтап қайтты.
Кезінде Дастан Арыстанбаевтың атасы мен әкесі сушы болған. Солардың жолын жалғаған гидротехник егіс алқаптарын тегістеу мен суаруды жоспарлауға ерекше ден қою керек деп есептейді. Күріш алқаптарындағы арық-атыздар уақытылы тазаланбайды. Соның салдарынан орынсыз ысырап көп болатынын айтады. Бөгет, торап және тоспаларды мемлекет жөндеп бергенімен шаруашылықтар ішкі су жолдарына жіті мән бермей келеді.
Дастан Арыстанбаев, «Қазсушар» РММ ОФ директорының орынбасары:
- Сыр өңірі мен өзен егіз ұғым болса, біздің әулеттің де діңгегі су шаруашылығына байланған. Атам мен әкем құрметті гидротехник. Мен де осы салада тер төгіп жүрмін. Балаларым да осы ізді жалғаймыз деп отыр. Құмның үстіне салынған ТМД бойынша жалғыз су торабын жаңғыртудан өткіздік. Енді ішкі арналарды су есептеуіш құралдармен жабдықтағанымыз жөн.
Қызылорданың басты су торабы Сабыр Арыстанбаевтың есімімен байланысты. Ол 50 жыл бұрын гидронысанның құрылысына атсалысты. Қазір оның нұсқауымен қазылған қос магистральді канал 110 мың гектар егіс алқабы мен 250 мың гектар шабындықты суарады. Секундына мың текше метр су өткізетін торап бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.
Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РММ ОФ директорының орынбасары:
- 1956 жылдан бері бүгінге дейін бірде-бір жаңғырту жұмыстары жүргізілмегендіктен тиісті көпфакторлы тексеру жүргізіліп, су торабы 2014 жылы апатты деп танылды. Тиісті құжаттамалық жұмыстары жүргізіліп, 2020 жылдан жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрады. Биылғы жылғы жоспар бойынша жаңғырту жұмыстарын аяқтау күтілуде.
Сырбойылық сушылардың ендігі арманы – Арал теңізін толтыру. Өзен бойындағы гидроқұрылғыларды қайта жаңғыртып, ысырапты мейілінше азайту жолдарын іздеуге кіріскен. Теңіз деңгейін арттыруда маңызы ерек Көкарал бөгеті жөнделді. Енді Қараөзек су қоймасы салынады.
Қайрат Сәрсенбаев, «Арал-сырдария» бассейндік инспекция басшысы:
- Арал теңізінің деңгейі 2011 жылдары 27 млрд текше/метр болса, 2018-2019 жылдары 18 млрд дейін түскен болатын. Бүгінгі күні қайтадан көбейіп, 21,5 млрд болды. Біз осы темпті ұстайтын болсақ, 27 млрд көбейту жөнінде мәселелер бар. Арал теңізінің деңгейін ұстау мақсатында құрылыс салудың бірнеше жобасы бар. Осылар жүзеге асады деп ойлаймыз.
Өмірін жер ананы нәрлендіруге арнаған мамандар енді су жеткізу және су бұру ісін цифрландыруға басымдық бермек.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев