«Мәртөк» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр
Ақтөбе облысындағы «Мәртөк» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
1990 жылы пайдалануға берілген гидронысан біраздан бері техникалық күтім көрмеген. Салдарынан көктемгі су тасқынында сыр берді. «Жаңғыртылған бөгет арқылы қар суын жиып, мал мен бау-бақшаны молынан суаруға болады», – дейді мамандар.
Аққайың ауылы маңындағы Мәртөк бөгетінің сыйымдылығы – 235 мың текше метр. Соңғы жылдары жағасын су шайып, көктемгі тасқында төмендегі елді мекендерге қауіп болатын. Былтыр жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жер кепкен соң мердігер гидротехникалық құрылғыны жөндеуге кірісіп кетті.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Шамамен бір ай бұрын басталған құрылыс аяқталуға жақын. Қосымша топырақ төселіп, бөгеттің жағасы бекітілді. Негізгі құбырлары орнатылған соң гидротехникалық нысан қолданысқа беріледі.
34 жыл бұрын салынған су қоймасы бұған дейін жөндеу көрмеген. Биыл құбырларын жаңартып, қосымша арна қазуға бюджеттен 147 млн теңге қаржы бөлінді. Бөгет толған жағдайда секундына 6 текше метр су жіберуге қауқарлы. Былтыр Мәртөк ауданында дәл осындай «Қазан-2» гидротехникалық құрылғысы қалыпқа келтірілген еді. Нәтижесінде өзен бойындағы елді мекендер көктемгі тасқыннан аман қалды.
Аслан Айтмағамбетов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:
- Көктемде енді бізде біраз көмегін көрсетті. ГТС болғанның арқасында су қатты ағыс болмай, жаймен ағып, екі ауылға қауіп болған жоқ.
Мәртөк ауданында тағы 3 су қоймасын жөндеу қажет. Қазір мамандар тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кіріскен. Өңірде биыл 15 гидротехникалық нысан жаңғыртылады. Барлығын да тасқын су бұзып кеткен еді.
Жомарт Бақыткелдіұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптамаға жіберілді. Сараптаманың оң қорытындысын алған соң жұмыс басталады. Ағымдағы жылы барлық жұмыстарын аяқтау жоспарға енгізіліп тұр. Барлығын алған кезде 4 млрд-тан астам қаражат керек.
Жергілікті билік өңірде тағы 4 су қоймасын салуды көздеп отыр. Құрылысы 2025-2027-жылдарға жоспарланған. Бөгеттердің су қоры шамамен 60 млн текше метр болады. Бұл 2 мың гектар суармалы алқапты ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.