«Семей орманы» резерватынан ағаш ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи орман резерваты филиалының бұрынғы директоры қамауға алынды, деп хабарлайды 24KZ.
Оның басшылығымен жиырмаға жуық адам заңсыз ағаш ұрлап, сатып келген. Қылмыстық топты Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілдері қолға түсірді. Тінту кезінде ондаған текше метр ағаш, қомақты қаржы мен ағаш өңдейтін техника тәркіленді. Экс-директор мен оның сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
- Сондай-ақ олардың «лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру» фактілеріне қатысы бар не жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.