Зашаған кентінде жарық сөнуін болдырмау үшін қосалқы станциялар салып жатыр

Орал қаласының жаңа ықшам аудандарында екі қосалқы станция мен өндірістік жөндеу базасы салынып жатыр.

Құрылыс жұмыстары жақында толық аяқталады. Бұл мақсатқа қазінадан 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. «Ол өз кезегінде қалада жиі болып тұратын авариялық апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Зашаған кенттік округінде жарық жиі сөнеді. Әбден тозығы жеткен электр желілері жел тұрса үзіліп қала береді. Оған тұрғындар әбден үйреніп алған.

Асланбек Айтжанов, Зашаған кентінің тұрғыны:

- Зашағанда жарықпен қоса су да жиі болмайды екен. Өзім мұнда жақында көшіп келдім. Маған жақсы аудан деп айтып еді адамдар. Жаңа үйлері көп. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінен осы мәселелерді шешіп беруін сұраймыз. 

«Зашаған ауылында жыл басынан бері 42 рет жарық сөнді», - дейді салалық ведомство өкілдері. Апат бола қалған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін өндірістік жөндеу базасы салынды. Онда заманға сай техника, құрал-саймандармен жарақтандырылған арнайы бригада шоғырланады. 

Мұрат Қонысбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Осыған дейін ЗапКазРЭК-тің техникаларының барлығы орталықтан жөнделген болса, ендігі кезекте осы аймақта, Зачагансктағы отключениелер бойынша осы аталған техникалардың бәрі жедел осы аварияларға көмектесуге жағдай туғызамыз. Осы бағытта осы ремонтная база салынып жатыр.

Зашаған кенті тұрғындарының саны бүгінде 70 мыңнан асты. Сол себепті тұтынылатын электр энергиясының көлемі жылдан жылға ұйлғайып барады. Негізгі станцияға түсетін жүктемені азайту мақсатында қосалқы станция салына бастады. Ол қаладағы бірнеше шағын ауданды электр қуатымен қамтамасыз етеді. 

Руслан Шахаров, мердігер компания басшысы:

- Бұл қосалқы станцияны салу себебі мына микрорайон Ақжайық бар, Деркөл деген ауылымыз бар, Зачаганск деген округімізді электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұның қаражаты жаңағы республикадан бөлінген 2,6 млрд. Сол жалпы енді жұмыстың бәрі 95 процентке бітіп тұр. Пуско-наладочная жұмыстар жүріп жатыр тексеру, жалғау деген сияқты. Алла қаласа, тамыз айында тапсырамыз деген ойдамыз.

«Өңірдегі электр желілерінің 80 пайызы әбден ескіріп тозған. Бұл түйткілді шешу үшін кешенді инвестициялық бағдарлама қабылданды», - деді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Ағымдағы жылы жылыту маусымы басталғанға дейін біздер 600 шақырымға дейін электр желілерін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта оның орындалуы 20 пайызды құрайды. Мақсатымыз осы қазан айына дейін барлығын аяқтап шығу.

Салалық ведомство басшыларының айтуынша, енді шалғай ауылдардағы электр желілері жаңартыла бастайды. Бұл жұмыстар 12 ауылда жүргізіледі. Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандары бойынша су тасқыны кезінде бүлінген желілер жөнделеді. Бұл мақсатқа Үкімет қорынан бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Ардақ Айбарұлы, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов