Риддерде жеті жыл бұрын басталған электр желілерінің құрылысы тоқтап тұр

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына жақын аумақта электр желілерінің құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды 24kz.

Жеті жыл бұрын басталған жоба аяқсыз қалды. Өйткені жер телімі орман қорына жатады. Сондықтан электр бағаналарын орнатуға рұқсат жоқ.

Ал демалыс аймақтары әлі күнге дейін жарықсыз күнелтуге мәжбүр. Өркениеттен тыс қалған өңірдегі өзекті мәселе жайында алдағы бейнематералдан көріңіздер.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Тамылжыған табиғатымен көз тартатын Риддердің атағы Қазақстаннан тысқары жерлерге де әйгілі. Туристер шетелден де, еліміздің өзге өңірлерінен де ағылады. Солардың бірі – Дархан Абықанов отбасымен Павлодардан келген. Жеті жүз шақырымды артқа тастаған ол алда тосынсый күтіп тұрғанын білмепті.

Дархан Абықанов, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Жарайды, келгеннен жолды бәрін енді көтердік. Келсек, свет мәселесі екен. Мына свет, электр энергия қазіргі заманда 2024 жылы көп технология дейді ғой енді, жалпы барлық жерде бар, иә. Енді мында свет өткізбеу масқара ғой енді.

Тек осы жолдың бойында шамамен жеті демалыс аймағы бар. Одан ары Батыс Алтай қорығының орманшылығы басталады. Бұл жерде жұмыс істейтіндер мен демалуға келгендер электр жарығынсыз өмір сүруге мәжбүр. Кейбірі тығырықтан шығар жолды өздері қарастырған.

Бұл – артық шығын. Жанармайға жұмсалатын қаражат өз алдына, түтін мен шу саяхатшылардың берекесін алады. Туризмді дамытуға табиғаттың өзі сұранып тұр. Тек электр желілерін тартса жеткілікті. Мына бағаналар осыдан жеті жыл бұрын пайда болған. Жоғары жақтағы қағазбастылықтың кесірінен құрылыс тоқтап тұр. Алайда жобаны аяқтауға жергілікті бюджеттен тұрақты түрде ақша бөлініп тұрған.

Рауан Кұрметұлы, Риддер қаласы ТКШ бөлімі жетекшісінің орынбасары:

- Бұл жерлердің орман қорынан мемлекеттік қорға ауыспауына байланысты жоба жүзеге аспай қалды. 2023 жылы құрылысты жалғастыруға 27 миллион теңге қаражат бөлініп, қаржы игерілмеген күйі бюджетке қайтарылды.

Жобаның жақын арада жүзеге асуы екіталай. Осинов асуына айналма жол салудағы оқиға қайталана ма деген күдік басым. Ол кезде жер мәселесін шешуге төрт жыл кеткен еді. Құрылыс жуырда қайта жанданды. Ал, орман қорында қалыптасқан күрделі жағда  туристік нысандардың құрылысын жүргізу былай тұрсын, демалушыларға қарапайым жағдай жасауға мүмкіндік бермей отыр.

Александр Чиликин, тау шаңғысы курортының иесі:

- Біздің жолымызды бөгеп тастады. Мен орман қорынан жер ала алмаймын. Өйткені онда салынған нысандарды банктер кепілге қоймайды. Бизнесті ары қарай дамыту үшін несиені қалай аламын? Бұған біздің заңымыз тыйым салып жатыр емес пе?!

Сарапшылар заңнамаға өзгеріс енгізу керек деген пікірде. Орман қорындағы жерлерді алудың күрделі мәселеге айналғанын Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Әзірге бұл сауал ашық күйінде қалып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин