Қостанайда жарты жылда 702 адам онлайн алаяқтықтың құрбаны болған

Дербес деректерді мейлінше қорғап, құпия ұстаған жөн. Өйткені интернеттегі алаяқтар айылын жияр емес, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, жыл басынан бері Қостанайда 702 адам онлайн алаяқтықтың құрбаны болған. Соңғы кезде лауазымды тұлғалардың атын жамылып, азаматтардың қаржысын жымқыру оқиғалары жиіледі. Тіпті облыс басшысы, әкімдік өкілдері атынан әлеуметтік желілерде жалған парақша ашып, жұртты алдап жүргендер де бар екен. Зымияндардың тағы да бір қулығы – танымал мессенджерлерде, оның ішінде банктердің атынан жалған бот құру. Ол пайдаланушыға дербес және банк картасының дерегін енгізуді сұрайды. Аталған ақпарат мәлім болған сәттен азаматтардың карточкасынан барлық ақшаны шешіп алады. Немесе несие ресімдейді. Осындай айла-тәсілдермен алты айдың ішінде алаяқтар қостанайлықтарға 1 миллиард 300 мың теңге залал келтірген. Кибер алаяқтардың дені шет елдерде тұрады. Сондықтан оларды анықтап, ұстау қиындық тудырады.

Рашид Мадьяров, Қостанай облыстық ПД Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

- Ең көп таралғаны – банк қызметкері болып хабарласатын алаяқтықтың түрі. Екінші орында онлайн сауда-саттық. Тауардың бар-жоғына көз жеткізбей алдын ала ақша жіберу болып табылады. Және тағы үшінші орында инвестиция. Тексеріс барысында алаяқтардың шет мемлекетте орналасқаны анықталды. Сол бойынша әрі қаратай іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.