Семейде биыл 50 аула абаттандырылады
Биыл Семейде 50-ге жуық аула абаттандырылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұған қалалық бюджеттен шамамен 2 миллиардқа жуық теңге бөлініп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары 13 аулада жүріп жатыр. Жергілікті әкімдік апта сайын бес ауланы абаттандыру жұмыстарымен қамтуды жоспарлап отыр.
Тельман көшесінің тұрғындары 6 жыл бойы тозығы жеткен ойын алаңы мен құлайын деп тұрған ағаштарға шағымданып келген. Енді аула жаңа кейіпке енетін болады.
Жанар Жамалиева, қала тұрғыны:
- Әрине, біз қуаныштымыз ауламыздың жаңарып жатқанына. Беседкаларымыз, спорттық алаңдарымыз болады. Ана жақ толығымен балалар алаңы. Енді балаларымыздың ойнайтын орны болады. Бәрін жақсы істейді деп үміттенемін.
Нұрбике Навмятуллова, қала тұрғыны:
- Ауламыз жаңарып жатқанына қуаныштымыз. Бұрын балалар ойнайтын жер таба алмай қиналатын. Қазір бәрін жаңартып жатыр.
13 ауладағы құрылыс жұмыстары өткен айда басталған. Қазір ескі алаңдар сүріліп, аумақ қоқыстан тазартылып жатыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Көріп тұрғандарыңыздай, құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Аулаларды абаттандыруға отызға жуық адам мен жиырма техника жұмылдырылған.
Әбдуғани Байбосынов, мердігер ұйым өкілі:
- Қазір 50% істелді деуге болады.Өйткені қарқын жақсы. Бүгін екі бригада қосылды. Сонымен сегіз бригада істеп жатыр. Өйткені жұмыс бізде кезең-кезеңімен.
Бұған қоса, көптен күтім көрмей ойылған асфальт жаңартылады. Спорттық және ойынға арналған құрылғылар орнатылып, футбол алаңдары салынады.
Қанатжан Жылқыбаева, қалалық ТҮКШ бөлімі абаттандыру секторының маманы:
- Ол жерлерде көшеттер салынады. Халық отыратын скамейкалар болады. Тротуарлар жасалып, халықтың жаяу жүруіне қолайлы жағдай жасалады. Аулаларды тұрғындардың өтініші бойынша жсаймыз. Келесі жылы тағы «Халықтың қатысуымен бюджет» жобасы болады. Тұрғындар өтінім берсе, келесі жылы тағы көптеген аулалар жасалады.
Сонымен қатар Семейдегі төрт гүлзар абаттандырылады. Барлық жерге тротуар орнатылып, жарық шамдары қойылады. Мердігер ұйым белгіленген жұмыстарды тамыз айының соңында аяқтаймыз деп отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы