Шегірткемен күрес: 2,4 млн га алқап өңделді
Ел бойынша 2,4 млн га алқапта үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл болжанған көлемнің 98%-і. Ал саяқ шегірткелерді улау шаралары Жетісу, Павлодар, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында толық аяқталды. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, бұл бағытқа 8 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Оның тең жартысына жуығы Үкімет резервінен бөлінген. Химиялық өңдеу жұмыстарына 2,5 мың адам мен 400-ден астам техника тартылды.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Өзбекстан Республикасындағы әріптестермен жұмыс жасап, жұмыстарды аяқтадық. Қазір РФ-дағы әріптестермен, әсіресе, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы шекаралық аумақтарда бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы бірлескен жұмыстардың арқасында бүгінгі таңда шекара аумағында жағдай тұрақты деп айтуға болады.