Алматы маңындағы мореналық көлдер деңгейін төмендету басталды

Іле Алатауында қауіпті деген алты мореналық көлдің деңгейін төмендету жұмыстары басталды.

Олардың барлығы Алматыға жақын жерде – теңіз деңгейінен үш мың метрден астам биіктікте орналасқан. Қазір мұздықтар еріп, табиғи су қоймалары толып жатыр. Алып мұздықтар Үлкен және Кіші Алматы сияқты ірі өзендердің бассейндеріне құласа, сел болуы мүмкін. Қауіптің алдын алу үшін «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары жедел түрде көлдердегі су деңгейін төмендетуге кірісті.

Солтүстік Тянь-Шаньда қазір сел қаупі жоғары. Бұл маусымда биік таулы аймақта ауа температурасы жоғарылап, жауын-шашын мол түседі. «Қазселденқорғау» мамандары қазір 14 мореналық көлді жіті бақылауда ұстап отыр. Олардың алтауы Алматыға жақын жерде орналасқан. 

Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД басшысы:

- Күн сайын 19 бекетте бақылау жүргізіледі. Дағдарыс орталығына әрбір 3 сағат сайын өлшеу станцияларының нақты жағдай туралы ақпараты түсіп отырады. Ал қатты жауын-шашын кезінде мореналық көлдердегі жағдайды, өзендердегі, бөгеттердегі жағдайды сағат сайын хабарлап отырады.

Көлдердегі су деңгейін төмендету үшін сифондар қолданылады. Бұл тиімді, әрі салыстырмалы түрде арзан технология. Атмосфералық қысымның әсерінен су пластикалық құбыр арқылы көлден өздігінен төмен ағады. Бұл әдіс су қоймасының жарылу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Басты қауіп мұздықтарда, - дейді мамандар. Әуеден бақылау кезінде мұздықтарда жарық пайда болғаны анықталған. Алып мұз опырылса, соңы су тасқынына әкелуі мүмкін. Өткен маусымда мұндай жарықтар болмаған. Жарықтар соңғы кезде болған жер сілкінісінің әсерінен пайда болды деген болжам бар. 

Мұрат Қасенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары:

-  Аэротүсірілімдер жүргізген кезде Түрген өзені алабындағы 5-ші көлде және 2-ші көлде мұздардың құлау қаупі бар екенін анықтадық. Сондықтан алдын алу шараларын бастау туралы шешім қабылданды. Талғар өзені алабындағы 19-көлдің ауқымы ұлғайғайып, су көлемі артқаны  байқалды. Сондықтан бұл көлді босату жұмыстары тез арада басталды. 

Қазір Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалының табиғатты қорғау бекеті демалушылар үшін жабық. Бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Аймақта жергілікті төтенше жағдай жарияланды. «Қазсенденқорғау» мамандарының айтуынша, сел қаупін сейілту жұмысты жақын күндері аяқталады.

Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов