Өмір сүру қауіпті болып барады – «Железнодорожный» тұрғындары

Есіктің алдын шөп басып кеткен, жол жоқ, ал балалардың қауіпсіздігін ойлап шаш ағарды деп хабарлайды 24kz.

Елорда іргесіндегі «Железнодорожный» тұрғын алабындағы ағайын осылай дабыл қағады. «Әкімдікке де, жедел әрекет ету орталығына да хабар бердік. Бірақ бізді тыңдап жатқан ешкім жоқ», - дейді олар.

Альмира Оразбай, тілші:

- Бұрынғы Целиноградтан 10 шақырым жердегі Сороковая ауданы қазір Астананың іргесінен орын алып, «Железнодорожный» тұрғын алабы атанды. Халқының саны 13 мыңнан асады. Алапқа кіре бергеннен тыныш әрі жақсы мекен дерсіз. Алайда мына 1979 жылғы 4 қабатты үй тұрғындарының өз базынасы бар. Баспанасын басқаратын ПИК жүйесі дұрыс емес дейді. Себебі өткен аптада үйдің шатырындағы шахтаның кірпіші құлаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен, мұны реттеу үшін мамандарға хабарласқан тұрғындар ешқандай жауап ала алмапты.

Дінмұхамбет Мыржықов, тұрғын:

- Кезінде мынау үй 2 қабат болған, соның үстінен тағы екеу салған. Сосын ана шахтаны салған кезде, 2 қабаттан келе жатып, әрі қарай шахта қисық кеткен-ау. Үйде тамақ істесе тартпайды. Сосын үстінен кірпіштер құлай бастады. Бәріміз Қазақстанның тұрғылықты адамдарымыз ғой. Қаншама айтып жатырмыз, бірақ шешілмей жатыр сол.

Бұл бір ғана мәселе емес. Мысалы үйдің дәл ауласындағы мына құбырларда газды жинақтауға арналған газгольдер қоршалмай тұр. Жан-жағын шөп басып кеткен. «Байқаусызда біреу сіріңке тұтатса, ол жарылып кетуі мүмкін», - дейді тұрғындар.

Нина Соколова, тұрғын:

- Мен бұл үйде 1979 жылдан бері тұрамын. Бірақ өмір сүру сапамыз жақсы емес, тіпті қауіпті болып барады. Мына шөпті біреу тұтатып жіберсе, газгольдер жарылады. Тұрғын алабымыздың жартысы көкке ұшады. Көршілермен бірігіп, ауланы шөп-тікеннен тазартамыз. Әбден ластанып кетсе, өзіміз жинаймыз. Бірақ бұлай жалғаса беруге болмайды. Сонда тұрғын үйді басқаратын кооперативтің жауапкершілігі жоқ па?! Олар бізге не үшін керек?!

Екі 4 қабатты үйдің ортасында шағын жол бар. Көліктер жылдамдықпен қатты басып өтеді. Аулада ойнап жүрген бала абайсызда көлік астына түсуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар өз қолдарымен жасанды бөгет қойған. Бірақ оның өзі тек 1 айға жетіпті.

Оксана Швец, тұрғын:

- Біз жолға өз күшімізбен жасанды бөгет жасадық. Оның үстінен жеңіл көлік қана емес, жүк көліктері де өтеді. Сондықтан ол 1 айға ғана шыдап берді. Ал оны нықтап орнатып беру туралы сұранысымызды жауаптылар елеген де жоқ. Балаларымыз үшін алаңдаймыз.

Анар Жәкеева, тұрғын:

- Мына қоршауға қараңызшы, жерде жатыр. Бала құласа, басын жарып алуы мүмкін. Немесе жоқ дегенде, бір жарақат алады. Қоқыс та көрінген жерде жатыр. Негізі мәселе көп. Бірақ шешімі жоқ.

Альмира Оразбай, тілші:

- Бұл 4 қабатты үйдің екі кіреберісі бар. 24 пәтерде тұрғындар жайғасқан. Олар әр мәселе бойынша жедел әрекет ету орталығының 109 «АйКөмек» желісіне хабарласқан. Әкімдікті де хабардар еткен. Сонда да түйткілдің түйіні шешілер емес. Сол себепті тұрғындар тиімді жүйе керек деп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Руслан Таурше