Арна тілшісі талай шәкірт дайындаған ардагер металлургпен тілдесіп қайтты
Бүгін – көрікшілер, болат құюшылар, металл балқытушылардың кәсіби мерекесі.
Металлургтер – жыл он екі ай қажырлы еңбек етіп, ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген мәртебелі мамандық иелері. Әсіресе, мың градустық домна пешінде қайнаған металды бұлақша ағызған көрікшілердің еңбегі ерен. Осынау қара жұмысқа қажырлы 30 жылын беріп, талай шәкірт дайындаған ардагер металлург Қуантай Жұмабековпен кәсіби мереке қарсаңында арна тілшісі Руслан Нұрланұлы жүздескен еді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Металлургиялық комбинаттағы алғашқы жұмыс күні Қуантай Жұмабековтың әлі жадында. Осыдан 30 жыл бұрын ол судай сарқыраған шойынды алғаш көріп, таң қалған. Содан бері домна пешінде көрікші болып қалған қара домалақ ауыл баласы қазір ел ағасына айналды.
Қуантай Жұмабеков, металлургиялық комбинат көрікшісі:
- Жаңа барлығы, жұмыс алаңы кең. Кра жүреді айналып мына жаңа пештерде. Шешеді оны. Бұрын қолмен істедік қой барлығын. Кранмен көтересің анау коленаны. Одан кейін фурманы алып, оны тазалайсың ішін отбойный молотокпен. Жұмыс ауыр енді горновойларыдң. Жеңіл деп айта алмаймын. Ыстық. 60-70 градус бар енді ыстық. Үстіңе киесің. Сукно киесің, көзілдірік киесің соның барлығы ыстықтатады.
Көрікші болу оңай емес. Зауыттың жүрегі саналатын домна пешінің жанында металлург тұлыбын киіп, күнұзақ қимылда жүреді. Шөл қысады. Қайнаған қазанның бет қарыған ыстығында алғаш металды қабылдайтын да солар. Сондықтан бұл жұмысқа келгенде темірдей төзімділік пен еңбексүйгіштік қажет. Қуантай Жұмабеков шәкірттерінен ең бастысы, осыны талап етеді.
Дмитрий Захаров, металлургиялық комбинаттың аға шебері:
- Жұмыстағы көрікшілердің көбі Қуантай ағаның шәкірттері. Ол жұмыс істейтін бесінші бригаданы біз мықты кадрларды шарболаттай шыңдайтын ұстаханамыз деп білеміз. Ол – еңбекқор, зауыт жұмысын жетік білетін, жауапкершілігі зор, білікті маман. Оқыс жағдайда өзінің байсал мінезімен талай тығырықтан алып шықты. Осындай мамандар көп болса, зауытта апатты жағдай болмайды деп ойлаймын.
Қуантай Жұмабеков осы күнге дейін оннан астам жас көрікшілерді өзі тәрбиелеп шығарды. Олардың алды жауапты басшылық қызметтер атқарып жүр. Ардагер металлург отбасына да жауапкершілкпен қарайтын үлгілі әке. Жеті немере сүйіп отыр. Оларға «Еңбек түбі – береке» екенін үнемі айтып отырады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар