Қарағандының қоғамдық орындарда кітап толы қобдилар пайда болды

Қарағандының орталық саябағына кітап толы қобдилар қойылды деп хабарлайды 24kz.

Ерекше жобаның мақсаты – кітапты мейлінше қолжетімді ету, тұрғындарға көп оқуға мүмкіндік жасау. Осындай қобдилар Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда үйлеріне, гүлзарлар бойына орнатылды. Бұған қоса, киіз үйдегі жазғы кітапхана да жұмыс істеп тұр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Халима Қабиден кітапқа бала күнінен әуес. Әсіресе, детектив пен түрлі психологиялық кітаптарды сүйіп оқиды. Тұңғышын күтіп жүрген ол қазір де қажет кітабын іздеп жүріп оқиды. Саябақтағы кітап толы қобдиларды көргенде қуанышы қойнына сыймағанын айтады.

Халима Қабиден, қала тұрғыны:

- Осындай саябақтарда буккроссингтардың болғаны өте пайдалы, ыңғайлы. Өзің оқып біткен соң кітап алмасуға болады. Мен жаңағы психологиялық, детектив кітаптарды оқығанды жақсы көрем. Ал мынау алып отырған кітабым ата-аналарға арналған. Ата-ана болуға адйындалуға пайдасын береді деп ойлаймын. Кітап оқыған жалпы пайдалы ғой.

Буккроссинг жобасы қаланың біраз аумағын қамтып отыр. Әсіресе, жазда тұрғындар жиі серуенге шығатындықтан, саябақтар мен гүлзарларға кітап қобдилары көптеп қойылған. Бұдан бөлек, орталық саябақтағы киіз үйде жазғы кітапхана жұмыс істеп тұр. «Мұнда күніне кемі 40-50 оқырман келеді», - дейді қалалық №5 кітапхананың меңгерушісі.

Венера Жубекова, қалалық №5 кітапхананың меңгерушісі:

- Президентіміздің соңғы құрылтайда айтылған сөзі бойынша біздің халқымыз білімді болу керек, оқыған болуы керек. Осыған байланысты кітапты дәріптеу үшін киіз үйдегі кітапхана ұйымдастырылды. Сондай-ақ осындай кітап алмасу жобасы жүріп жатыр. Ұйымдастырылғалы бірнеше жыл болды. Сауда үйлерінде, теміржол вокзалында бар бізде. Енді осы биылдан бастап алғаш рет орталық саябақта ұйымдастырылды.

16 шілдеден бастап жаңа мерекені атап өту туралы қаулы күшіне енді. Енді жыл сайын 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып тойланады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар