Ақтөбеде жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр
Ақтөбенің «Оңтүстік Батыс-2» ауданында былтыр басталған асфальт төсеу жұмыстары әлі аяқталмады, деп хабарлайды 24KZ.
Толарсақтан саз кешкен тұрғындар: «мердігердің ісі мардымсыз», – деп наразы.
Қазақай Ахун көшесінде жол жөндеу жұмыстары 3 ай бұрын басталды. Алайда әлі күнге дейін асфальт атымен жоқ. Тұрғындар арнайы техниканың да сирек келетінін айтып отыр.
Қанат Арызғұлов, қала тұрғыны:
- Техника бүгін келіп тұр, міне, сіздер келетін болған соң. Бір күн істесе, бір жеті жоқ. Біреуі де болған жоқ 2 жетіден бері. 2-3 жұмысшы отырады, иықтарына күректерін ұстап. Былтыр ана жақта да солай болып еді. Биыл да істеп отырған істері – осы.
Ерқұлан Бүркітов, қала тұрғыны:
- Былтырдан бері проблема болып кетті жол деген бізде. Мына Құрманғазыны бастап еді, оның бір қабатын салып бітірді, екінші қабатын бітіре алмады. Қалып қойды екіншісі. Мына жол, міне, 19 сәуірде басталды. 3 ай болды. Одан да үміт күтпей отырмыз. Енді ай жарымда мектеп басталады. Балаларға мектепке бару керек. Қиын жағдайға тап болып отырмыз.
Себебі құрылыс басталғалы қоғамдық көлік «Оңтүстік-Батыс-2» ауданының бұл көшелерін айналып өтеді. Жергілікті тұрғындар күрежолға жаяу қатынауға мәжбүр. Жаз маусымы бел ортадан асқанымен ұзындығы 1300 метр болатын көшенің тек ескі асфальтін қырып, табанын бекіту жұмыстары ғана аяқталған. Мердігер компания өкілі мәселенің мән жайын былай деп түсіндірді.
Асылбек Ойнаров, мердігер мекеме өкілі:
- Жер жұмыстары басталған кезде бізде «пучина» проблемасы болды. Жер ойнап кетті. Өйткені судың көбі осы көшеге, Бейімбет Майлинге және Тайқазан көшесіне жиналады. 1-2 метр қазғанның өзінде астында су кәдімгідей толды. 1,5 метрге дейін жер қазылып, оның үстіне ПГС төселу керек болды.
Келісімшартқа сәйкес бұл мекеме «Оңтүстік-Батыс-2» ауданының 21 көшесіне жаңа асфальт төсеуі тиіс. Бюджеттен бұл мақсатта 2 млрд 400 млн теңге бөлінген. Алайда кешенді жобаның кестеден кешіккенін тұрғындармен қатар қоғам белсенділері де айтып отыр.
Қайрат Жұмабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің волонтері:
- Оны барлығы жобалық-сметалық құжаттамада, авторлық бақылауда, тех.бақылауда барлығы ескерілуі тиіс және ол, мына мердігер мекемесі, өз міндеттемесіне алып, түрлі қиындықтарға қарамастан уақытында, уақытынан бұрын орындауы керек. Антикордың тарапынан бақылау жүзеге асырылатын болады.
Мердігер мекеме өкілдері Қазақай Ахун көшесінде асфальттің бірінші қабаты қыркүйекке дейін төселеді деп сендірді. Жалпы «Оңтүстік-Батыс-2» ауданындағы жолдарды жаңғырту – келер жылға ұласатын ауыспалы жоба. Биыл тек 6-7 көшені ғана толық аяқтау көзделген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.