Жамбыл облысында қуаттылығы 2 ГВт болатын ЖЭС салынады

Жамбыл облысында қуаттылығы 2 гигаватт болатын жел электр станциялары салынбақ деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, аймақ билігі жаңартылған қуат көзін өндіретін нысандар санын арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 551 мегаватт болатын 22 баламалы энергия көздері жұмыс істеп тұр.

«Шоқпар» жел электр станциясы Жаңатас қаласынан 8 шақырым жерге салынып, жыл басында іске қосылды. Ондағы 22 жел турбинасы жылына 350 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Мамандардың айтуынша, бұл көлем 50 мың абонентті жарықпен қамтуға жеткілікті.

Наурызбек Жұмағазин, жел электр станциясының менеджері:

- Біз орнатқан электр станциясы құрылғылары қазіргі сәтте еліміз бойынша ең үлкені деп айтуға болады. Мәселен бағананың ұзындығы 102 метр болса, қанаттарының көлемі 76,5 метрді құрайды. Сонымен қоса, бұл турбиналардың өндіретін электр қуаты да жоғары. Мәселен біз бұған дейін «Жаңатас» станциясына 2,5 мегаваттық жел диірмендері орнатқанбыз. Ал бұлардың қуаты 4,8 мегаватқа жетеді.

Жалпы жоба құны – 60 миллиард теңге. Станцияда 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. «Баламалы энергия көздерін өндіруге өңір өте қолайлы», дейді мамандар. Қазірдің өзінде таулы аймақта орналасқан Талас пен Сарысу аудандарына инвесторлар қызығушық танытып отыр. Бүгінде Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай елдерінің кәсіпкерлері жел электр станциясын салмақ.

Ғалым Исақов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Жамбыл облысына 3 компания қызығушылық танытуда. олардың біреуі Мойынқұм ауданында жел электр станциясын салуға және екеуі бізде Сарысу мен Талас аудандарында. Жалпы Мойынқұм ауданында 1 гегаватты құрайтын ЖЭС салу жоспарлануда. Сарысу мен Талас аудандарында 500 мегаваттан 2 ЖЭС құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Жамбыл облысында 10 жел, 6 күн және осынша су электр станциясы бар. Жергілікті билік өкілдері 2028 жылға қарай баламалы қуат көзін өндіретін нысандардың санын 25-ке жеткізбек, қуатын 2,5 гигаватқа арттырмақ. Жалпы өткен жылы 4348 МВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, биыл 4 560,8 МВт/сағат өндіру жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә