Утильалымға қатысты петиция неліктен қабылданбағаны түсіндірілді
Қазақстанға үшінші елдерден 7 жылдан асқан көліктерді кіргізуге тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды 24kz.
Бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірге талқыланады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді. Бұл ескі көліктердің импортын тежеуге ықпал етеді. 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда шағын агрегаттарды құрастыру толық жүзеге асырылады. Өндірушілер 4 жыл ішінде кабина жасау, дәнекерлеу, сырлау жұмыстарын жүзеге асыруға міндетті.
Утильалымға қатысты қоғамдағы қызу пікірталасқа нүкте қойылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары петицияның неліктен қабылданбағанын түсіндірді. Айтуларынша, шетелдік көліктерді бір реттік заңдастыру науқанында автопарктің ескіру үлесі ұлғайып кеткен. Екіншіден, көліктің қымбаттауы кәдеге жарату алымымен байланысты емес.
Әділбек Бектібаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры:
- Қазір көлік саудасындағы көлеңкелі бизнестің үлесі 19% шамасында. «Жасыл даму» ұйымының мәліметінше, мысалы бір адам 280 көлікке утильалым төлеген. Ол кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмеген және бюджетке ешқандай салық төлемеген.
Министрлік саланы жақын арада ретке келтірмек. Негізгі үрдіс шекарадан басталады. Заңға сәйкес, енді әр адам көлікті жеке қолданысы үшін және жылына бір рет алып келе алады. «Қоршаған ортаны қорғау және отандық тауарөндірушілерді қолдау үшін қарапайым заңнамалық нормаларды қатаң сақтау қажет», - дейді мамандар.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры:
- Заңдастыру науқаны кезінде 300 мың көлікке қатысты утильалым қолданылмады. Сол кезде тіркелген көліктер ескі болды. Ал кәдегеге жарату алымы кезінде елдегі көлік паркі едәуір жақсарғанын байқадық.
Былтыр құрастырылғанына 2 жыл болмаған көліктердің саны 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген. «Жасыл даму» мекемесі «утильалымнан түскен қаражат тиімді жұмсалады» деп отыр.
Данияр Досымбеков, «Жасыл даму» АҚ төрағасының орынбасары:
- 185 млрд теңге Қазақстан бойынша зауыттар соғу, сұрыптау, қалдықтарды қайта өңдеу, соларға арнайы бөлініп отырған қаражат. 100 млрд теңге жеңілдетілген автонесиелерге бөлінген қаражат. Бүгінде 13 347 тұлға жеңіл көліктерін жеңілдікпен алу атанған. 50 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасы. Бүгінгі 1722 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Сонымен қатар жиналған қаражат Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің техникаларын жаңарту мен тасқыннан зардап шеккен аймақтарға жұмсалады.
Авторы: Еркебұлан Смадияров