Петропавлда тасқын кезінде бүлінген 900 үй сүрілді

Петропавлда тасқыннан апатты деп танылған 900 үй сүрілді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жұмысқа әр ауданнан құрылған арнайы бригадалар бекітілді. Олар құрылыс қоқыстарын шығарумен қатар тұруға жарамды баспаналарды да жөндеп жатыр.

Бұл – Петропавлда суға кеткен екіқабатты үйлердің бірі. Іргетасы 1974 жылы қаланған ғимарат бұрын балабақша болған. Есіл өзені екінші қабатқа дейін көтеріліп, 6 пәтерді ойран қылды. Техникалық тексерістен кейін үйді толық жөндеуге 164 млн теңге бөлінді.

Наталья Хлебникова, қала тұрғыны:

- Пәтерден бөлек, үйдің шатыры, кіреберісі мен жертөлесі түгел жөнделеді. Бұл жұмысты құрылыс компаниясы атқарады. Олармен келісімшарт жасалды. Күн суытқанша үлгереді деп сенеміз.

Биыл қалада 2 мыңнан аса үй суға кетті. Оның 1600-і апатты деп танылды. Қалғаны тұруға жарайды. Оларды әр ауданнан құрылған арнайы бригадалар жөндейді. Мысалы, Жамбыл ауданы жұмысты аяқтауға жақын.

Нұрбек Сапаров, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздің құзырымызда 109 үй суға кеткен. Соның бүгінгі күнде 79 үйі апатты деп танылып, оның біз 66 үйін бүгінгі күні бұзып, қоқыс полигонына шығардық. Жөндеу жұмыстары бойынша 15 үй бізге белгіленген. Оның біз бүгінгі күнде 14 түгел жөндеп біттік, енді бір үй қалды. Оны, бұйырса, бір жұманың ішінде бітіреміз бе деген ойдамыз.

Петропавл бойынша көктемгі тасқыннан зардап шеккен 800 отбасы баспаналы болды. Оларға екінші нарықтағы үйден пәтер және «Бірлік» шағынауданында салынып жатқан жаңа үйлер берілді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бүгінгі таңда Петропавл бойынша 886 жер үй сүрілді. Жергілікті билік өкілдері олардың орнына ағаш егіп, абаттандыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.