Күршім ауылында 30 жыл дегенде су тазарту қондырғысы қайта іске қосылды

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауылында 30 жыл дегенде кәріз суын қабылдайтын тазарту қондырғысы қайта іске қосылды деп хабарлайды 24kz.

Ол үшін жергілікті әскери бөлімнің ескі құрылғысы жөнделіп, пайдаға жаратылды. Осы уақытқа дейін лас қалдық Күршім өзеніне құйылып, табиғатқа орасан зиянын тигізіп келген еді. Жұртшылықты алаңдатқан сұрақ ақыры шешім тапты. Алайда бұл да уақытша амал. Мәселені түбегейлі жою үшін жаңа тазарту қондырғысы салыну қажет. Оған ауданның қауқары жете ме?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Жанар Қалиолдина аудан орталығына осыдан 5 жыл бұрын көшіп келіпті. «Келе сала қолқаны қапқан иіспен алыстым», дейді. Өйткені лас су бау-бақшасына дейін жайылып кеткен. Талай рет әкімдікке барып, шағымын жеткізген. «Тек осы көктемнен бастап қана аулада отырып, емін-еркін жұмыс істейтін күнге жеттік», - дейді ол.

Жанар Қалиолдина, Күршім ауылының тұрғыны:

- Жел соққан кезде мына жақтан керемет жаман иіс келді, бір күні сол малымды жайып қарасам, өзенді бойлап, су кеп жатыр, кәдімгі ірің жап-жасыл. Қазір кішкене жақсы болды, бұрынғыға қарағанда далаға шығып, тамақ істеп,әйтпесе, біз мынадай уақытта үйден шыға алмайтынбыз.

Қазір ауылдағы жағымсыз иіс жойылды. Кәрізден аққан су арнайы тазарту құрылғысынан өтіп барып, өзенге құйылады. Жергілікті билік бұндай өзгеріске 30 жыл дегенде әрең қол жеткізді. Оның өзінде істен шыққан бұрынғы ғимараттың орнына жаңасын салған жоқ. Жергілікті әскери бөлімнің ескі тазарту қондырғысын теңгерімге алып, соны бастан-аяқ жөндеп шықты.

Әйгерім Болатбаева, коммуналдық кәсіпорын қызметкері:

- Тазарту қондырғысында кәріз суы 4 кезеңдік жүйеден өтеді. Яғни, Күршім өзеніне әбден тазартылып барып құйылады. Бұл ескі ғимаратты жөндеуге 80 миллион теңге бөлінді. Шатырынан бастап, есік-терезесінің бәрін ауыстырдық. Қыста келеңсіздіктер болмауы үшін қазандық та салынды. Дегенмен, бұл уақытша шешім деп есептейміз.

Өйткені ескінің аты ескі. Қай уақытта сыр беретіні белгісіз. Халық саны болса, өсіп келеді. 14 шақырымнан асатын кәріз жүйесін қазірдің өзінде 2500-ге жуық абонент қолданады. «Сондықтан жаңа тазарту қондырғысын салу маңызды», - дейді жергілікті мамандар. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаевтың айтуынша, оның жобалық құжаты да әзір тұр. Қазіргі құны 4 миллиард теңге.

Қайрат Әзімбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Біз енді параллельно жоба жасап жатырмыз. Күршім ауданының кәріз жүйесі жұмыстары. Осыдан жарты ай бұрын қоғамдық тыңдау өтті, одан соң қабылданды, жобалық құжат жасалды, бағасы 4 миллиард теңге. Ары қарай мемлекеттік экспертизаға кіреді, экспретизада сумма өзгеруі мүмкін.

Айта кету керек, Күршімде жаңа тазарту қондырғысын салу жобасы осыдан 5-6 жыл бұрын тағы бір жасалып,сол беті аяқсыз қалған еді. Енді соңғы құжат Үкіметтен қолдау таба ма жоқ па, беймәлім. Өйтпеген жағдайда миллиардтаған қаржы тұратын нысанды тұрғызуға жергілікті әкімдіктің қауқары жетпесі анық.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов