Петропавлда 1000-ға жуық отбасы баспаналы болды
Петропавлда тасқыннан зардап шеккен мыңға жуық отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ.
Оларға екінші нарықтағы үйден пәтер және «Бірлік» шағынауданында салынып жатқан үйлер берілді. Жұмыс барысымен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев танысып, су басқан аймақтарды аралап көрді.
Күлжауар Әмірованың үйі көктемде суға кетіп, апатты деп танылған. Содан бері пәтерде жалдап келген ол шілде айында баспаналы болды. «Бірлік» шағынауданынан жаңа үй бұйырды.
Күлжауар Әмірова, қала тұрғыны:
- Өзім, міне, жатырмын бір бөлмеде. Балалар бір бөлмеде. Зал, әне, қандай ат шаптырғандай. Алла жазса, міне, үйдің іші ойдағыдай. Бәрі тамаша. Осыған жеткен де бар, жетпеген де бар.
«Бірлік» шағынауданында осындай 700 үй салынады. Қазір оның 250-ге жуығы пайдалануға берілді. Қалада құрылыстан бөлек, жөндеу жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Мысалы, Былғары зауыт кентінде тұратын Елена Волыринаға үйін қалпына келтіруге 9,5 млн теңге өтемақы төленген.
Елена Волырина, қала тұрғыны:
- Мемлекет бізді қиын кезде тастамай, зор қолдау көрсетті. Қазір үйдің реңі кіріп қалды. Құрылыс материалдарын өзім барып таңдап аламын. Жұмысқа көңілім толады.
Қала бойынша су басқан мыңнан аса үй қайта тұруға жарайды. Оның 250-ін әр ауданнан келген бригадалар жөндейді. Олар апатты деп танылған ғимараттарды бұзып, қоқыс алаңына шығарып жатыр. Бұл жұмыстармен Өнеркәсіп және құрылыс министрі танысты.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Ең жақсы қарқын қазіргі таңда Петропавлда. Осындай қарқынды біз ұстаймыз осы жерде. Ең алдымен бүкіл зардап шеккен адамдарды баспанамен қамтамасыз ету – ол ең басты мақсат. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соны уақытылы аяқтаймыз.
Жаңа үйлердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар «Бірлік» шағынауданында 90 орынға шақталған балабақша салынып жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.