Таразда 4 мыңдай тұрғын ауызсуға жарымай отыр

Таразда 4 мыңдай тұрғыны бар қос шағынаудан таза ауызсуға жарымай отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жұрт өз күшімен ұңғыма қазып, құдық суын тұтынуға мәжбүр. Бірақ ол ішуге жарамсыз. Орталықтандырылған ауызсу желісінің құрылысы қаңтар айында басталуы тиіс еді. Қаржы да бөлінген, алайда жұмысы жүрмей тұр.

Қайнар мен Ақжол аудандары осыдан 14 жыл бұрын қалаға қосылған. Бірақ бұл аумақта ауызсу проблемасы әлі күнге шешімін тапқан жоқ. «Күте-күте күпті болдық», – деген тұрғындар ауладан ұңғыма қаздырып амалдауға көшкен. Өкінішке қарай, құдық суы ішуге жарамсыз болып шықты.

Ердалы Бисенбиев, Тараз қаласының тұрғыны:

- Қолдан колонка қазғанбыз. Қазір суымыз құрт болып жатыр. Ішетін су. Қасымызда 50 метрде су тұр, соны тарта алмайды. Мынау ұят емес пе?! Әкімшілік жыл сайын уәде береді. Кеше «тендер жеңіп алды», – деді. Тендер түгіл, шаңын да көрмей жатырмыз.

Серікгүл Молдабабаева, Тараз қаласының тұрғыны:

- Мен ауылда тұрғандай сезінемін, былай айтқанда. Ауыл жақсы. Ауылда газ бар, жарық бар, су бар. Ал біздің қалаға кіргеніміздің пайдасы не?! Не суымыз жоқ, не интернет жоқ, не жол жоқ.

Әкімдік құбыр жүргізу жұмыстарына деп қазынадан 800 миллион теңге  бөлген. Кейін осы қаржыны игеруі тиіс мердігер де анықталады. Алайда қалайда қаржыны ұтып алуды көздеген компанияның мемлекеттік сатып алу порталына жалған құжат жүктегені белгілі болған. Осылайша, жоба басталмай жатып тоқтап, құрылыс жұмыстары басталмаған күйінде қалып отыр. 

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

- Жеңімпаз болып табылған компанияның жалған мәлімет ұсынғаны дәлелденді. Сөйтіп, сот мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесін қайта қарау туралы шешім шығарды. Былтыр біз жобалық-сметалық құжаттамады толық дайындап, республикаға өтінім бердік. Биыл қаражат келді. Биыл, құдай қаласа, жобаны іске асырамыз. Соттың шешімі күшіне енсе, 4 тамыз күні. Біз мемлекеттік сатып алу конкурсын қайта қараймыз. Соттың шешіміне сәйкес. Сөйтіп, екінші мердігерді анықтаймыз. Жаңа мердігерді.

Қала билігі қос шағынаудан жыл соңына дейін орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылады деп сендірді. Жалпы облыс орталығы 95% таза ауызсумен қамтылған. Ал қаланың дәл іргесінде тұрып ауызсуға жарымаған 4 елді мекендерде мекенде құрылыс жұмыстары биыл басталады және жыл соңына қарай мәселе толық шешімін таппақ.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.