Ақтөбе облысында егін ору науқаны басталды

Диқандар егінге орақ салды, деп хабарлайды 24kz.

Ақтөбе облысының Қобда ауданында, астық ору науқаны басталды. Өңірдегі шаруалар әзірге күздік бидайды жиюға кіріскен. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жеңілдетілген бағамен 150 тонна жанар-жағармай қоры да жасақталды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Толқындай толқыған алқаптағы бидайдың қауызы жарылып, түртіп қалсаң төгілгелі тұр. Диқандар 2500 гектар жерге себілген күздік егіс бітік шықты дейді. Гектарынан 18-20 центнерге дейін дақыл алып отыр. Скипетр аталатын сапалы тұқымнан қамбаға кемінде екінші класс астық жеткізіледі.

Бақдәулет Байташев, серіктестік директоры:

- Жауын-шашынға қарамай жинап алуға тырысып жатырмыз. Бір жағынан биылғы егіске жұмыс шараларды қолданып жатырмыз. Қазір пар дайындап жатырмыз. Бұйырса осы тамыздың 25-інен кейін күзгі егіс басталады. Ол да бір 3 мың гектардай деп болжап отырмыз.

Бұдан бөлек, шаруа қожалығы бір жарым гектар көктемгі бидай мен 500 гектар арпа еккен. Тамыз айының 1-інен бастап оруға кіріседі. Жалпы Қобда ауданының шаруалары соңғы жылдары егіс алқаптарын ұлғайтып келеді. Тыңайтқышқа берілетін 60%-тік субсидия диқандар үшін айтарлықтай қолдау болып, жаңа жерлерді игеруге мүмкіндік туған.

Әділжан Тұманшин, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Біздің аудан бойынша егістік бар, тыңайма жер алқабы 60 мың гектар ғой барлығы. Соның біз 70-80%-ін орындап отырмыз. Жылма-жыл біз егіс алқабын ұлғайтамыз. 2025 жылға жоспар енді осы жылмен салыстырғанда 102-105%-ке артығымен орындалады. Бұл дегеніңіз, 45 мың га алқапты құрайды.

Қобда ауданында биыл 44 мың гектар жерге тұқым себілді. Олардың 10 мыңнан астамы дәнді дақылдар. Күзгі науқанда егінді шашау шығармай жиып алуға 70-тен астам арнайы техника жұмылдырылады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов