Қызылорда облысында 7 ауыл табиғи газға қосылады
Республика бойынша халықтың 60% көгілдір отын игілігін көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ал табиғи газды Қызылорда облысы тұрғындарының 75% тұтынады. Стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың іске асуымен өңірдегі 4 қала мен 7 аудан орталығы түгел магистральді құбырға қосылған. Ендігі кезек ауылдарда.
Қазіргі таңда аймақтағы 230 елді мекеннің 40 шақтысына табиғи газ жетті. Жыл аяғына дейін тағы 7 ауыл газдандырылады. Одан бөлек, саяжайларға да көгілдір отын тартылады.
Қызылорда қаласына 2000 жылдардың басында газ келді. Содан бері облыс орталығына жапсарлас орналасқан Сабалақ саяжайының 4,5 мыңдай тұрғыны жыл сайын көгілдір отынға қосыламыз деген үмітте жүрді. Қазір мұнда емхана, балабақша, мектеп және 50 шақты кәсіпкерлік нысан бар. Бірақ 20 жыл болды газ әлі жоқ. Міне бірер күн болды магистральді желіге қосу жұмыстары басталып отыр.
Қала іргесіндегі саяжайға 19 жыл бұрын қоныстанған Гүлсәнім Аукенова: «бастапқы кезеңде газ түгіл жарық пен ауызсуға зәру болдық», – дейді. 6 шақырымдық жердегі қалаға ми батпақты кешіп қатынаған тұрғындар сұрықсыз саяжай қазір еңселі әрі саялы мекенге айналғанын айтады.
Гүлсәнім Аукенова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:
- Алла қаласа, көмірден, отыннан құтыламыз. Біз қаншама жылдан бері армандаған көгілдір отынымыз келіп, қазу жұмыстары жасалып жатыр. 19 жылдан бері Сабалақ адам танымастай өзгерді. Қарасаңыз, мына жаңа үлгідегі аялдамалар қойылды. Жаңа үлгідегі 28 бағыттағы автобус кірді. Көшелерге тас төселіп жатыр. 10-нан астам станция қойылды. Көшелер жарықтандырылып жатыр.
Сабалаққа газ тарту үшін жергілікті қазынадан 3 миллиард теңге жұмсалады. 3 кезеңдік жоба келесі жылы аяқталмақ.
Бауыржан Ізмағамбетов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы облыс аумағында 21 газдандыру жобасына бюджеттен 30 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде биыл 11 ауыл табиғи газға қосылатын болады және газдандыру үлесі 78% жетеді. Қорытындысы бойынша облыс аумағында 4 қала және газдандырылған елді мекендердің саны 46 құрайтын болады.
Қазіргі таңда өңір энергетиктері газ секторында көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.