Елімізде жол құрылысы бойынша рекорд орнады

Биыл жыл басынан бері республика бойынша 12 мың шақырым жол жөнделді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар. Ал қазір «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» бағытындағы тасжолдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген. 

Жалпы еліміздегі автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құраса, оның 25 мыңы республикалық жолдарға жатады.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Бірқатар маңызды жобамыз бар. Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автомобиль тоннелі, Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысы, Шамалған стансысындағы автожол өтпесі жыл соңына дейін аяқталады. Қазіргі таңда бірқатар жол учаскесін пайдалануға беріп жатырмыз.