Шымкентте 2025 жылы 4 суару каналы күрделі жөндеуден өтеді
Шымкентте «Сасық-1» суару каналын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24KZ.
Бір миллиардтан астам теңгеге бағаланған жоба шаруаларды сумен қамтуға арналған. Бұған дейін су тапшылығын көрген диқандар егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр болған еді. Енді жағдай қаншалықты өзгереді?
«Сасық-1» каналындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Науаларды толтырған су жоңышқа мен көкөніс алқабына қарай бет алды.
Жаңаталап тұрғын алабының диқандары бұл күнді ұзақ күтті. Жөндеу жұмыстары су тапшылығын шешуі тиіс болған. Бірақ қиындықтар әлі де бар. «Биыл 4 гектар жерге жоңышқа еккен Абай Ахметов жобада шикілік көп», – деп отыр.
Абай Ахметов, шаруа:
- Шлюз дұрыс емес. Құбыр дұрыс емес. Бір адамға жететін құбыр қойған. Неге жетеді ол? 3 адамға керек. Екінші орымнан 250-ақ пресс алдым, 1000 пресс алудың орнына. Не болды ал сонда?
Тартылған құбырлардың диаметрі шаруалардың көңілінен шықпай отыр. Олардың пікірінше, тұтынатын су мөлшері мен аумақ көлемі есепке алынбаған. Соның кесірінен егінді суару болжамдалған шамадан екі есе көп уақыт алады. Ал қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасындағылар нысанның әлі толық аяқталмағанын, техникалық қадағалаудың жүргізілмегенін айтады.
Ерсұлтан Қапашев, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Біз 2023 жылы Жаңаталап аумағынан ағып өтетін Сасық-1 каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай 99% аяқталды. Бізде қазір технадзор 1-2 кемшілікті берген соң қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкентте 8 мың гектардан астам суармалы жер бар. Оның 656 гектары осы «Сасық-1» каналының бойында орналасқан. Ауыл шаруашылығы барқармасының мәліметінше қазір 40-тан аса шаруашылық 250 гектар жерді суару бойынша келісімшартқа отырған.
Нұрсұлтан Хайдаров, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы АӨК дамыту бөлімінің бас маманы:
- Су тапшылығы қалада бар. Бүкіл жерде су тапшылығы болып жатыр. Соған байланысты қазіргі күнде көп шаруа су үнемдеу технологиясын пайдалану үшін тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологиясына көшу бойынша жобаларын алып келіп жатыр.
Диқандар олқылықтың орны толады деген үмітте. Себебі қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд 179 млн теңге жұмсалды. Жалпы Шымкентте барлығы 34 арна бар. Оның 27-сін шаруалар егін суару үшін пайдаланады. Өткен ғасырда салынған каналдар әбден тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. Әйтпесе суармалы жердегі диқандар қиындық көруі мүмкін. Осыған байланысты әкімдіктегілер келер жылы тағы 4 каналды күрделі жөндеуге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов.