Құрық - Жетібай тас жолын жөндеу екі айдың көлемінде толық аяқталады
Маңғыстау облысында Құрық-Жетібай тас жолын күрделі жөндеу екі айдың көлемінде толық аяқталады.
Қазір трассаның үшінші қабаты төселіп жатыр. Жоба Құрық су айлағына келетін жүк тасымалы уақытын екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қытайдан еліміз арқылы шетелге шығатын жүктер дәл осы трассамен тасымалданады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Құрық-Жетібай жолы Қарақия ауданында орналасқан. Жалпы ұзындығы 64 шақырым. Күрделі жөндеуі 2021 жылы басталды. Осы аралықта жолдың екі қабаты төселді. Қазір қиыршық тас аралас жол жамылғысы, яғни үшінші қабаты салынып жатыр.
Республикалық маңыздағы жолға 40 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеу жасалып жатыр. Жол құрылысы кестеге сай жалғасуда. Үшінші қабатының 35 пайызы төселіп тұр. Трасса қолданысқа берілген соң, Қарақия ауданына қарасты екі елдімекен халқы тақтайдай тегіс жолмен жүретін болады.
Мұсадин Медетбаев, Жетібай ауылының тұрғыны:
- Емін-еркін жүреміз, бұйырса теңізге қатынаймыз. Жетібай халқы сол жолдың жылдамырақ біткенін қалаймыз. Жаңа Қазақстанда жаңадан жол салып беріп жатыр. Бұйырса, жақсы болады енді бәрі.
Жол құрылысына озық үлгідегі техникалар тартылған. Мәселен, мына машина күніне 1300 тоннаға дейін ыстық асфальт төсейді. Бір атап кетерлігі, жол құрылысы материалдары жергілікті зауыттардан жеткізіледі. Мамандар отандық көлік-логистика бағытындағы ірі жобаның сапалы жүзеге асуын жіті бақылап отыр.
Хамзат Сұлтанов, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК облыстық филиалының директоры:
- Басынан бастап тексеріп жатырмыз. Жалпы, осы пайдаланып отырған жол құрылылысы материалы біздің зертханадан өтеді. Жер топырағынан бастап, үш асфальтбетонды қабатын біртіндеп тексеріп жатырмыз.
Қазыбек Мәмбетов, "Қазавтожол" ұлттық компаниясы филиалының басшысы:
- Шамамен осы қыркүйек айында асфальтбетонды жұмыстарын түгелдей аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бәрі ойдағыдай. Жол жиегін жаңғырту бойынша да жұмыстар жүріп жатыр.
Жоба бастапқы жылдары 9 млрд теңгеге бағаланды. Кейін құрылыс материалдары бағасының өсуіне орай бірқатар түзету енгізіп, жоба мерзімін бір жылға ұзартуға тура келіпті. Биыл күзден бастап транзит жүктер осы трассамен Құрық портына жеткізіліп, одан әрі шетелге шығады деп күтіледі.
Берік Ізғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:
- Жүк тасымалының көлемінің артуы байқалады. Мысалы 2023 жылдың 6 айымен салыстырғанда 33 пайызға өскен. Бұл дегеніміз біздің порттарымыз арқылы өтетін маңызды транс каспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Ал мына күрделі жөндеу жасалып жатқан жоба сол маңызды көлік дәлізінің аса маңызды құрамдас бөлігі.
Қазір аймақтардан және елімізге Қытайдан келетін әртүрлі жүк Жетібай ауылынан Ақтауға жетіп, сосын Құрыққа тасымалданып жатыр. Бұл ретте жолдың ұзақтығы 140 шақырымдай. Алдағы уақытта «Құрық-Жетібай» тас жолы ашылған кезде арақашықтық бар-жоғы 64 шақырымды құрайды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев