ҚР ЕХӘҚМ: Биыл 9500 қызметкердің ₸2 млрд жалақы қарызы өтелді
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 29 мыңға жуық жұмысшының құқығын қорғады, деп хабарлайды 24kz.
Нәтижесінде 9500 қызметкердің 2 млрд теңгеден астам сома жалақы берешегі төленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жарты жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, осындай дерек жариялады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға биылдан бастап арнайы әлеуметтік төлем тағайындалған еді. 1 млн-нан астам жұмысшы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 453 млрд теңге көлемінде төлем алды. Елде әлеуметтік төлем көлемі инфляция деңгейіне сай индекстелді.
Мадияр Уақбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:
- 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етті. Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен барлық мемлекеттік жәрдемақылар инфляция деңгейіне индекстелді, ал ортақ зейнетақы инфляция деңгейінен 2%-ке жоғары болды. Қазақстандық жас буын арасында болашақ зейнетақының бара-бар деңгейін қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер тарапынан міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу басталды.
6 айда ₸2,6 трлн зейнетақы мен жәрдемақы төленді
Биыл 6 айда 4,3 млн адамға: оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 1,9 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 2,6 трлн теңге төленді. Сонымен қатар 67 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Еңбек министрлігінің дерегіне сай жарты жылда 231 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, оның ішінде 98 мың азамат тұрақты жұмыс тапты. 36 мың адам онлайн білім алды. 38 мыңнан астам адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 4 мыңнан астам грант берілді.
Республикалық бюджет есебінен әлеуметтік төлемдер:
6 айда – 4,3 млн адам
Зейнеткерлер – 2,4 млн адам
Мемлекеттік жәрдемақы алушы – 1,9 млн адам
Жалпы сома – 2,6 трлн теңге
Атаулы әлеуметтік көмек – 67 мың отбасы
Жұмыспен қамту шаралары:
Қамтылды – 315 мың адам
Жұмысқа орналасты – 231 мың адам
Тұрақты жұмыс – 98 мың адам
Онлайн білім алды – 36 мың адам
«Бастау Бизнес» жобасы – 38 мың адам
400 АЕК мөлшерінде грант – 4 мың адам.