Қазақстан банктеріндегі жеке деректердің қауіпсіздігі тексеріледі
Қазақстандағы банктерге азаматтардың жеке деректеріне қатысты тексеріс жүргізіледі, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа ережеге сәйкес, дербес деректерді қорғау жөніндегі қағидаларға 2 тармақ енгізіледі. Алғашқысы жеке деректерді өңдеу кезінде меншік иесі немесе оператор жылына кемінде бір рет ақпараттық қауіпсіздік аудитін жүргізуі керек. Тиісінше, тексеріс Қазақстанның банк заңнамасының талаптарына сай болуы керек. Келесі өзгеріс электрондық ақпарат ресурстарына қатысты. Дербес деректер Қазақстан аумағында орналасқан серверлік нысанда немесе деректерді өңдеу орталығында сақталуы тиіс. Ал меншік иесі оны қорғау бойынша барлық шараларды қабылдауға міндетті. Құжат 13 тамызға дейін қоғам талқысына жіберілді.