Петиция: бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылмауы мүмкін

Уақыт белдеуін кері қайтару бойынша петиция талаптары қанағаттандырылмауы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Алдын ала шешімді Сауда вице-министрі Қайрат Балықбаев мәлімдеді. Елордада өткен арнайы жұмыс тобының қорытынды отырысына барлық тарап шақырылды. 50 мың дауыс жинаған петицияда бастамашы топ жаңа уақыттың адам денсаулығына кері әсерін және кешке жеке және заңды тұлғалар үшін электр энергиясына қосымша шығындар әкелгені туралы айтқан еді. Оны саралаған Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері биылғы жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,44%-ке төмендегенін хабарлады. Ал уақыттың ауысуы адам денсаулығына қалай әсер еткенін нақты пайымдауға әлі ерте. Ол алдағы үш жылда сараланады.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Толыққанды зерттеулер жүргізу үшін көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де, осы кезеңде халықтың медициналық ұйымдарға жүгіну көрсеткіші өзгермеді. Уақыт белдеуіне байланысты шағым көп болған жоқ. Сол себепті зерттеуді әлі де жүргізу қажет.