Ақтау маңындағы ауыл жағымсыз иістен құтыла алмай отыр

Басқұдық ауылы жағымсыз иістен құтыла алмай қойды.

«Әсіресе түнгі мезгілде қолқаны қабады. Үйдің есік-терезесін аша алмаймыз», - дейді тұрғындар.

Ал кәріздік тазарту станциясы ауылдың ішінде тұр. Иіс содан тарайды деген болжам бар.

Басқұдық Ақтаудан бес шақырымдай жердегі ауыл. Мұнайлы ауданы тұрғындарының жағымсыз иіспен тыныстап жүргеніне бірнеше жыл болды. Халықтың айтуынша, желсіз күндері көшеде жүру мүмкін емес. Ащы иістен тұншыққан адамдардан аллергия белгілері байқала бастапты.    

Нұрлан Қарамырза, ауыл тұрғыны:

- Мұрның бітеліп, тамағың кеуіп жұрттар навтизин тамшылататын жағдай. Көбі тамшылатады қазір. Свалка да біздің ауданда орналасқан. Мына бүкіл халықтың свалкасы. Және де мына жерде Қазазоттың линиясы біздің Басқұдықтың үстімен жүріп жатыр, суы кетіп жатыр. Сосын манағы костар бар. 

Нұрхан Мұстафаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Жиырма төрт сағат сасық иіс шығып жатқан жоқ. Жел болған кезде келеді. Мына жақтан жел болғанда Басқұдыққа келеді. Былай жел болғанда қалаға барады. Кезінде 70-жылдары салынған канал. Оның ішімен Қазазоттың суы айдалады деген тұрғындардың арасында шағым болған. Соны Қазазотқа айтып, қазіргі таңда ол судың жауып тастадық.

Осылайша көпшілік қолқаны қабатын иістің қайдан шығатынын біле алмай дал. Бір болжам - ауыл іргесіндегі кәріздік тазарту станциясынан тарауы мүмкін, дейді олар. Жуырда ауыл белсенділері шағым түсіріп, мамандар тексеру жүргізген. Нәтижесінде, «Қошқар ата» қалдықтар қоймасына кәріз суы тазартылмаған күйінде төгілгені анықталды.  

Әнуар Туляков, облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:

- Экологтар ауа құрамына зерттеу жүргізіп, станция жұмысына қатысты заңбұзушылықты анықтады. Қазір біз тексеру қорытындыларымен танысып жатырмыз. Тиісті шара қолданылатын болады. Халық станцияны жабуды сұрайды. Бірақ ертең кәріз суын қайда төгеміз? Мәселені шешу үшін осы станция қызметін барлық санитарлық талапқа сәйкес қылуымыз керек. Жоба құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. 

Әкімдік өкілінің сөзінше, кәріздік тазарту станция қызметін қолданыстағы заң талаптарына сәйкестендіруге бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба аяқталғанша ауыл тұрғындарына шыдай тұрудан басқа амал жоқ.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев