Қарағанды облысында қауіпсіздікті құтқарушы жасақ қадағалайды
Суға шомылған көпшілікті құтқарушы-жасақтар қадағалайды, деп хабарлайды 24kz.
Қарағанды облысында жаз басында жұмыссыздар арасынан 76 қоғамдық құтқарушы дайындалған. Олар қазір демалыс орындарында, жағажайларда жұмыс істеп жүр.
Суға шомылу маусымы ашылғалы өңірде профилактикалық шаралар да күшейтілді. Нәтижесінде былтырға қарағанда оқыс жағдайлар азайған.
Екі апталық оқу курсынан өткен құтқарушылар қазір өңірдегі тоғандар мен көлдердің маңындағы демалыс орындарында, коммуналдық жағажайларда құтқарушы болып жұмыс істеп жүр. Данияр Ақылбеков бұған дейін жүзумен айналысқан. Спорт шеберіне үміткер. Қазір қала маңындағы жағажайда құтқарушы.
Данияр Ақылбек, құтқарушы:
- Барлығын үйрендім, қалай круг лақтыруды, қалай адамды құтқаруды, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді. Осыған дейін болды жағдайлар. Адамдар батты суға. Екі күн бұрын 17-18 жастағы қызды құтқарып, көмектестім.
Бір ғана Қарағанды қаласының өзінде 21 суға түсуге рұқсат етілмеген және 7 арнайы жабдықталған жағажай бар. Ал облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлеріне түсетін жүк тіпті ауыр. «Осы орайда жасақ жігіттері үлкен көмек болып тұр», - дейді азаматтық қорғаныс офицері Сұлтан Зейнуллин.
Сұлтан Зейнуллин, Қарағанды қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс аға офицері:
- Күнделікті құтқарушыларымыз қызмет етеді. Олар жұмыспен қамтылған жеке азаматтар. Арнайы дайындықтан өтіп екі апталық, осы маңда күнделікті қызметтерін атқарады. Бізге бұл жігіттердің бұл жерде жүруінің тиімділігі, олар қысқа уақытта адамды құтқарып, жағаға шығара алады.
Шомылу маусымы басталғалы өңір бойынша 5 адам суға батқан. Өткен жылы бұл уақытта қайғылы жағдайлар екі есеге көп болған. Ал биыл су айдындарында рейдтер, профилактикалық шаралар күшейтілген. Маусым айының 1-інен бастап облыста 2 мыңнан астам рейд жүріп, 368 тәртіп бұзушылық анықталған. Кінәлілерге салынған жалпы айыппұл көлемі 3 миллион теңгедей.
Ерасыл Сайпаш, Қарағанды облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:
- Атап өту керек биылғы салынған айыппұлдар саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге ұлғайып отыр. Оның нәтижесі деп адамдардың суға батуының азаюы деп білеміз. Шамамен 50%-ке азайып отыр. Алайда босаңсудың керегі жоқ. Себебі шомылу маусымы әлі өтуде. Тамыз айы алда.
Соңғы жылдары төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп коммуналдық жағажайларды құру және жабдықтауға да басымдық берілуде. «Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен роль атқарады», - дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков