Запастағы сержанттар әскери оқу-жаттығуға шақыртылды
Алматы облысындағы 55065 әскери бөлімінде 150-ге жуық сарбаз сапқа тұрып, шеберліктерін шыңдауға кірісті.
Олар әскери техникаларды жөндеу, қойма ісі, аспаздық сынды салада тәжірибелерін толықтырады.
Оқу-жаттығуға шақыртылған сержанттардың жасы 21 мен 40-тың арасында. Олардың мамандықтары әртүрлі. Сапта тұрғандардың қатарында мемлекеттік қызметкер, дәрігер, кәсіпкерлер де бар. Отан алдындағы борышын әлдеқайда өтеп қойған. Бұл жолы біліктіліктерін арттырады. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданында учаскелік дәрігер болып істейтін Алмас Тоқтаров әскери техникаларды жөндеуді үйреніп жүр.
Алмас Тоқтаров, запастағы сержант:
- Жұмыстан кадр арқылы ескертті, осылай шақыртып жатыр, барасыз ба деп. Өз қалауыммен келдім. Бұрын 43198 әскери бригадасында құрлық әскерінде борышымды өтегем. Адам таситын, жүк таситын Зил-131 құрылымын қозғалтқышы қалай, қанша адам соның бәрін түсіндіріп үйретіп жатыр.
Әскери тәжірибесін толықтыруға келгендер үшін арнайы полигон жасақталған. Олар шатырда түнеп, теориялық және практикалық сабақты да сол жерде өткізеді. Бір айдан кейін біліктілігі бағаланып, әскери шені артады.
Ерік Қожабаев, 55065 әскери бөлімінің командирі:
- Әскери оқу-жаттығуға жиналған сарбаздардың көбінің жұмысы бар. Тұрақты жұмыс істейтіндердің айлығы сақталады. Ал жұмыссыз болса оған үкіметтен 85 мың теңге көлемінде айлық төленеді. Әскери міндеттілердің несиесі болса, банк тарапынан уақытша үзіліс беріледі.
Әскерде техника мен әдіс-тәсілдер өзгеріп тұрады. Сондықтан қазір әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген азаматтар бұл үрдістен шет қалмауы тиіс. Айта кетейік, елімізде 3 мың сарбаз оқу-жаттығуға шақырылған. Жиын осы айдың соңына дейін жалғасады.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон