Су тасқыны: Ақтөбе облысында 400-ден астам жаңа үй ай соңында тапсырылады
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 400-ден астам жаңа үй тамыз айының соңына дейін тапсырылады, деп хабарлайды 24kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облыстағы Темір, Мұғалжар, Ойыл, Қобда, Ырғыз және Әйтеке би аудандарының ауылдарына барып, тұрғын үй құрылысының қарқынын тексерді. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аймақтың бірі саналатын өңірде мыңнан астам тұрғын үй мен саяжай құрылыстары апатты деп танылған. Ақтөбе облысында барлығы 50-ден астам мердігер мекеме баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылды. Қарқынды арттыру үшін вице-премьер Ойыл мен Ырғыз аудандарына жұмыс күшін және қосымша техника тартуды тапсырды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Зардап шеккендер және жарамсыз қалған үйлер бойынша 518 үй сатып алу рәсімі арқылы бекітілсе, қазіргі таңда 475-сі сатып алынып, тұрғындар өз үйлеріне кірді. Қалған үйлердің тамыз айының 20-сына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Өңірге бір топ мамандарды алып келіп, 2 күн жұмыс істедік. Алты ауданды көріп шықтық. Жалпы облыста зардап шеккен үйлердің орнына 1020 жаңа үй берілуі керек тиісті тұрғындарға.