Астаналық полицей Абай шығармаларын дәріптеп жүр
Елде Абай есімді 200 полицей бар. Олардың арасында поэзия оқып, ақын жырларын жатқа айтатын сақшылар да бар, деп хабарлайды 24KZ.
Ішкі істер саласында еңбек ететін Ердәулет Жамбылов Абайдың өлеңдерін жатқа біледі. Әндерін де нақышына келтіріп орындайды.
Абайдың әні де, қара сөзі де Ердәулеттің жүрегінен орын тапқан. Өзінің айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық әні» класын бітірген. Содан болса керек дәстүрлі өнерді жиі дәріптейді.
Ердәулет Жамбылов, Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты:
- «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да». Осы өлеңдегі Абай айтқан шумақ жолдарын өзімнің жұбайыма айтсам да болады.
Аға лейтенант Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасында 2 жылдан бері еңбек етеді. Алайда темірдей тәртіп оны шығармашылықтан алыстата алған жоқ.
Ердәулет Жамбылов, аға лейтенант:
- Біздегі қауырт қызметті өзіңіз де байқаған шығарсыз. Дегенмен де шығармашылықтан тыс емеспін. Бала кезімізден Абай әндерін, оның қара сөздерін жаттап өстік, ағаларымыздан, әпкелерімізден естіп өстік.
Нұртай Нұрақаев, Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің инспекторы:
- Ердәулет жұмыстың қиындығына қарамай, ауырлығына қарамастан осы Абай шығармашылығын тастамай, өнер көрсетіп жүр. Бәріне бермеген ондай. Отырыстарда, тойларға шақырамыз. 1-2 әнін айтып кетеді.
Полиция қызметкері қызметтен қолы бос кезде қолына домбыра да ұстайды. Ол Абай атамыздың шығармаларын дәріптеуді мақсат еткен. Ал Абайдың соңында 65 нұсқада айтылатын 28 әні, 200-ге тарта өлеңі, 45 қара сөзі қалған.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Мадияр Қындыбаев.