Жамбыл облысында апатты мектеп мәселесі екі жылда шешіледі

Жамбыл облысында 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Ал 2 білім мекемесі апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды 24kz.

Оған қоса, елді мекендерде тозығы жеткен оқу ордалары бар. Жауапты басқарма өкілдері «бұл мәселе алдағы екі жылда толық шешіледі» деп мәлімдеді.

Мерей Бает мәселеге үңіліп көрді.

- Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау ауылында 80 түтін ғана бар. Жергілікті билік 30 жыл бұрын бос тұрған ғимаратты жабдықтап, шағын мектеп ашқан. Бірақ содан бері нысан күрделі жөндеу көрмепті. Тар мектепте 9 ғана кабинет бар. Спорт залы жоқ, ал асханасы адам шошырлық жағдайда. Қабырға сылақтары түсіп, едені ескірген. Іргетасы сөгіліп жатыр.

Гүлшат Телеуова, мектеп директоры:

- Заманауи кабинеттер ғой жетіспей тұрғаны бізге. Біздің балаларымыз қолмен ұстап көрмесе де, олардың барлығы барлық кабинетте проектор бар. Интернет желісі арқылы мұғалім ноутбукпен қолмен ұстай алмағандарын көзбен көрсетеді.

Ауыл мектебінде зертханалық сынып пен робототехника кабинеті жоқ. Аудан билігі де білім басқармасы да мәселеден хабардар. Былтыр жобалық-сметалық құжаттама жасаған. Биыл құжат мақұлданып, жоба құрылысына облыс бюджетінен 740 млн теңге бөлініпті. «Сондықтан бұл мәселе биыл шешімін табады», - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Білім басқармасы соған сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, бюджеттік өтінім берілген. Соған тиісті қаржысы бөлінді. Құрылыстың ұзақтығы 9 ай мерзім. Мамырдың сол 25-інен кейін басталып, осы жылдың соңына аяқталу керек. Екі жапсарлас ғимарат соғылады ол жерде. Бір спорт залы, бір асхана.

2024-2025 жылдары аймақта 41 білім нысаны салынады. Оның 26-сы орта мектеп болса, 15-і мектепке жапсарлас құрылыс. Білім басқармасындағылар «биыл 19 ғимараттың құрылысы аяқталады», деп мәлімдеді. Соның есебінен орын тапшылығы бар 10, үш ауысымды 4 мектеп пен тозығы жеткен 3 ағарту ошағының мәселесі шешілмек. Апатты 2 мектеп те солардың қатарында.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә