Семейде еңбегімен құрметке бөленген құрылысшы тұрады

Семейде саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған азамат тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Қаладағы тарихи және мәдени ғимараттың біразында қолтаңбасы бар.  Николай Исаев Абай облысындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың салынуына үлес қосқан.

Николай Исаев Семей құрылыс техникумын, кейін құрылыс институтын тәмамдаған. Ұзақ жыл бойы осы салада қызмет еткен ардагер құрылысшы қазіргі Абай облыстық әкімдігінің ғимаратын техникалық бақылаудан өткізген. Сан жылдық тарихы бар Абай театрының құрылысын өзі бақылап отырған.

Николай Исаев, ардагер құрылысшы:

- Мен қызмет жолымды бастаған кезде Семей қаласының бас жоспары әзірленіп жатты. Менің ұстаздарым өте білікті мамандар еді. Осы салада маман болып қалыптасуыма сол жандар көп үлес қосты. Жұмыс кезінде қазіргі облыстық әікмдік ғимаратын техникалық бақылаудан өткіздім. Абай театрын да қабылдап алдым.

Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл – құрметті әрі абыройлы кәсіп. Николай Исаевтың осы салада жүргеніне 40 жылдан асқан.

Николай Исаев, ардагер құрылысшы:

- Бұл салада жүргенде адамның көкжиегі кеңейеді. Мәселен, маған журналистер жиі хабарласып, әртүрлі сұрақ бойынша пікірімді сұрайды. Неге әртүрлі сала бойынша? Өйткені, мысалы, біз сыр зауытын салсақ, сол саланың технологиясына үңілеміз. Мектеп, аурухана салғанда дәл солай. Әр саланың мамандарынан өзімізге қажетті білім аламыз. Сол себепті кез келген сұраққа қатысты қаймықпай пікір білдіре аламыз.

Николай Николаевич 1986 жылы «Семоблагропромстрой» жобалау-өнеркәсіптік-құрылыс бірлестігінде бірінші орынбасар болып қызмет етті. Кейін экономикалық мәселелер және қаржы жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Қазір зейнет демалысына шыққанымен, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

Марат Сасанов, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Зейнет демалысына шықса да, Николай Исаев қаламызға қамқорлықпен қарайды. Тарихи нысандардың жағдайына мән береді. Бұған қоса барлық жаңа құрылыстың дұрыс әрі заңды жүруіне атсалысады. Қоғамдық кеңес құрамында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Ол – қаламыздың дамуына зор үлес қосқан адам.

Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған Николай Исаев – талайға тәлімді ұстаз болған білікті маман. Ол – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, мәдениет саласының үздігі.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.