Қоймалардағы судың 12 млрд текше метрден астамы көктемде тасыған судан жиналған
Биыл еліміздің су қоймаларында тіршілік нәрі мол.
Қазірдің өзінде 75 миллиард текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның дерегінше, қоймадағы тіршілік нәрінің 12 миллиард текше метрден астамы көктемгі тасқын судан жиналған. Қоймадағы молшылық соңғы жылдары құрғауға айналған сағалар, табиғи шабындықтар мен көлдерді толтыруға сеп болды. Тасқын кезеңі басталғалы бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Балқаш көлінің орташа су деңгейі 23 сантиметрге көтеріліп, 182 сантиметрге жетті. Ал Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни биыл Елордадағы су қоймасы 99,6% толып тұр.