Тараздағы шағынаудан тұрғындары асфальт пен сапалы ауызсуға зәру

Тараздағы Қант зауыты тұрғын алабы 35 жылдан бері тегіс жолға жарымай келеді, деп хабарлайды 24kz.

Оған қоса, халық ауызсуды көрші көшеден тасып ішуге мәжбүр. Ал жергілікті билік болса, асфальт су желісі жүргізілген соң ғана салынады деп отыр. Бірақ ол биылғы жоспарға енбеген. 

Мерей Бает, тілші:

- Бұл – Тараздың шетінде орналасқан Қант зауыты тұрғын алабы. Жергілікті халық бұрыннан бері тегіс жолға зәру. Шағын аудан қала құрамына кіргенімен мұнда асфальт атымен жоқ. Жұрт шаң басып, күздігүні балақтан батпақ кешуге мәжбүр.

Гүлжамал Қоскелова, қала тұрғыны:

- Үшінші ұрпаққа кетіп жатыр. Мына жер өзіміз көрдік. Сусыз асфальтсыз, одан балаларымыз жүрді, асфальтсыз, сусыз. Енді немерелеріміз жүріп жатыр осы жерде.

Жол жырымен қоса, тұрғын алабында ауызсу мәселесі де бар. 1960 жылдары салынған су желісі әбден тозған. Құбырлар әр жерден тесіліп жатыр. Тұрғындар тіршілік нәрін үздіксіз тұтына алмайды. Жергілікті билік өкілдері жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жаңа жоба әзірлеуге кірісті. Оны аяқтаған соң республикалық бюджетке өтінім бермек. Бәрі мақұлданса, құбыр келер жылы салынады. Ал асфальт төсеу мәселесі тек бір жылдан кейін қаралады.

Елдос Кеңесбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Тараз қаласында қала әкімінің тапсырмасы бойынша қай көшелерден бізде су өтті сол көшелер келесі жылы міндетті түрде асфальтталып жатыр. Себебі 1 жыл оның просадкасы бар. Бізде енді 465 көшені 1 күнде қаланың бюджеті көтере алмайды да бәрін бірден жасауға. Сол үшін біз кезең-кезеңге бөліп жасап жатырмыз 3 жылдық жоспармен.

Қазір қаладағы орталықтандырылған су құбыры 70-80%-ке тозған. Ал қала бюджетінің бәрін толық қалпына келтіруге шамасы жетпейді. Сол себепті асфальт тек су құбыры тартылғанда төселеді. Жалпы биыл қала бойынша 140 шақырымнан аса жол жөнделеді деп жоспарланған.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә Т