ШҚО-да келесі жылдың соңына дейін 20 мектеп бой көтереді
Шемонаиха қаласында да іргетасы осыдан 90 жыл бұрын қаланған ескі мектеп орнына жаңасы салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұған қаражат Ұлттық қордан бөлінді.
Шалғайдағы жұрт дәл осы білім ордасының құрылысын 30 жылдан бері күткен еді. Жалпы өңірде келер жылдың соңына дейін 20 мектеп салынады.
Шемонаихада жаңа білім ордасы салынбағалы 35 жыл болыпты. Сондықтан заманауи ғимарат құрылысының басталуын жергілікті жұрт көптен бері аңсап келді. Ең алдымен «Теміржолшылар ықшам ауданындағы» балаларға талапқа сай білім ордасын салу туралы шешім қабылданған. «Оның да өз себебі бар»,- дейді әкімдік өкілдері.
Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
- Теміржолшылар кентінде өте маңызды жақсы орын алып тұр.Өйткені қазіргі балалар оқып жатқан мектеп талапқа сай келмей тұр. Санитарлық талаптар бар, бір орынға арналған оқушылар саны орындалмай тұр. Соған байланысты жаңа мектеп, кең үлкен жайлы мектеп салу туралы шешім қабылданды.
Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 310 орындық білім мекемесінің сырты сәнді іші кең болады. Жоспар бойынша осы жылдың соңында қолданысқа беріледі.
Халық саны өсіп келе жатқан Өскеменде де мектеп құрылысы өзекті. Әсіресе, қаланың сол жағалауындағы тұрғындар саны жыл санап көбейіп келеді. Соңғы он жылда 20 мыңға артты. Қазір бірнеше білім беру мекемесі салынып жатыр. Серік Шайзадаұлы дәл осы маңда тұрады. Кейін немерелерінің заманауи ғимаратта білім алатынына қуанышты.
Серік Шайзадаұлы, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Мектепті жылдамырақ бітіріп, жылдамдатып, балалардың кіруіне үлес қосса дейміз сондағы жұмысшылар, басшылар. Өйткені осындағы тұрғындарғ адамдар күтіп жүр біткенін, балалардың соған баруын.
Салынып жатқан нысандардың сәні ғана емес сапасы да сынға алынады. «Өйткені ондағы оқушылар жан-жақты әрі қауіпсіз жағдайда білім алуы тиіс», - дейді сала басшылары.
Инесса Чернышова, ШҚО Білім басқармасының басшысы:
- Біз құрылыс барысын жиі бақылаймыз. Өйткені «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынып жатқан әр ғимараттың атына заты сай болуы қажет. Ол жерде оқушылар еш кедергісіз, қолайлы жағдайда білім алуы керек.
«Өлкеде апатты мектеп деген атымен жоқ», - дейді білім басқармасының мамандары. Келер жылдың соңына дейін облыста 20 білім беру мекемесі бой көтерсе, ескі ғимараттар саны да біршама азаяды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов