Тассай ауылының тасжолы жүк көліктерінің кесірінен жарамсыз болып қалған

Ақтөбе облысында ауыр жүк көліктері үш жыл бұрын салынған жолды қиратып тастаған, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті тұрғындар асыға күткен асфальттың санаулы жыл ішінде жарамсыз боп қалғанына наразы. Хромтау ауданының Тассай ауылы халқы тағы да жол азабын тартамыз деп уайымдайды. Сондықтан жүргізушілерін жөнге салуды өтініп отыр.

Самара – Шымкент халықаралық дәлізінен Тассай ауылына дейін 28 шақырым. 2021 жылы жаңа асфальт төселіп, аудандық маңызы бар бағыт 4-санаттағы жолдардың қатарына енді. Алайда жергілікті халықтың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды.

Әли Сәбитов, Тассай ауылының тұрғыны:

- Бұл жол ауыл азаматтары үшін салынды. Бірақ ауылымыздан 9 шақырым жерде орналасқан қиыршық тас зауыты ауыр жүк көліктері, одан кейін Бадамшадан келетін техникалары, мына жердегі май зауыттарының техникалары жүріп жатқасын жол езіліп бара жатыр. Мысалы үш рет кепілдік жөндеу жасады. Ол не деген? Жаңа жолды үш рет жөнделі. Ол деген кем дегенде үш жыл жөндеусіз тұру керек.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ауыр жүк көліктері дәл осы өндіріс орнына қатынайды. Әдетте мұндай карьерлер күндіз-түні жұмыс істейді. Сондықтан көлік легі бір сәтке де үзілмейді. Біздің мұнда келгенімізге шамамен жарты сағатқа таяп қалды. Осы уақыт ішінде қиыршық тас тиеген 20-ға жуық автокөлік жолға қарай бет алды.

Негізгі жолдың жанында ауыр жүк көліктеріне арналғаны да бар. Бірақ кейбір жүргізушілер қиыршық тас төселгенді місе тұтпай, қалыңдығы 5-ақ см болатын асфальтпен жүйткиді.

Самат Есқожиев, Тассай ауылының тұрғыны:

- Бұл негізі өздерінің ғана Камазы емес шығар. Сырттан жаңағыдай жеке Камаздар. Рейдке өзіміз де талай шықтық. Одан кейін бізді көреді де олар бұрылып түсіп кетеді немесе кейін қарай қашады. Тоқтатамыз. Өлшейміз. Салмағы 56-60 тоннаға дейін жетіп жатады.

Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге тәртіп сақшыларына бірнеше рет арызданған. Нәтижесінде көлік инспекциясының мамандары құрылыс материалын шектен асыра тиеген бірнеше ауыр техника иесін жауапқа тартты. 

Мейрамбек Базаров, облыстық көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысының м.а.:

- Көліктік бақылау нәтижесінде 8-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Ол материалдарды қарау нәтижесінде 1 млн 200 мың теңге айыппұл салынды тасымалдаушыларға. 12 тоннаға дейін болды жол берілетін параметрлерден асқан жағдайлар. Қатаң түрде ескерту берілді.

Шұрық тесік күйге жеткен ауыл жолын бұған дейін мердігер жөндеп келген. Биылдан бастап кепілдік мерзімі тәмәм болды. Сондықтан асфальт жабындысы енді жергілікті бюджет есебінен жөнделуі тиіс.

Талант Орынжай, аудандық ТКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Ауыр жүк көліктері жүруіне байланысты бірнеше ақаулар анықталды. Аталған ақаулар бойынша ақау актісі жасақталып, аудандық бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы сұралып отыр.

Көліктік бақылау инспекторлары жыл басынан бері Ақтөбе облысында жүк тасымалы ережесін бұзған ондаған жүргізушіні жауапқа тартқан. 140 әкімшілік хаттама толтырылып, 55 млн теңге айыппұл салынды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов