БҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге 775 үй салынып жатыр
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 775 үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оның 401-і аудандарда бой көтерсе, 374-і облыс орталығында салынуда. Күні бүгін Бөрлі ауданында 60, Сырымда 14, Бәйтерек ауданында 6 үй тапсырылды. Ал қалған үйлерді 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев салынып жатқан үйлерді аралап, құрылыс сапасын тексерді, анықталған ақауларды уақтылы түзеуді қатаң ескертті. Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында болған кезінде құрылыс қарқынын арттырып, қосымша жұмыс күшін тарту керектігін айтты. Ал Орал қаласында мердігерлермен кездесуінде жаңа ықшам аудандарға жол салып, су, жарық, көгілдір отынды кешіктірмей қосуды тапсырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Құрылыс жұмыстарын 26-27-леріне қарай толық тәмамдау керек, үйлердің ішін жуып-тазалап кіру үшін. Су, газ құбырларын алдын ала қысыммен тексеріп алыңыздар. Келістік қой. Қазір қаржыландырудан еш проблема жоқ, ауа райы бұзылып кетпесе, сол мерзімге үлгересіздер деп ойлаймын.