Қ. Сатыбалдыұлынан мемлекетке қайтарылған зәулім сарай ел игілігіне берілді

Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекет меншігіне қайтарылған жылжымайтын мүліктердің бірі ел игілігіне берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Астанадағы құны 5 млрд теңгеден асатын 3 зәулім сарай мүгедек балаларға арналған «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мекемесіне табысталған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. 1 гектардан астам аумақтағы ғимараттардың көлемі 1100 шаршы метрді құрайды. Онда 3 коттедж, футбол алаңы және бассейн бар. Қазір нысанда ойын алаңдары орнатылып, үйдің бөлмелері кабинеттерге бейімделген. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар тегін оңалтудан өтеді.

Айта кету керек, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы 732,8 млрд теңге сомасында активтер қайтарылды.

Рауан Саматұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты заңсыз жолмен алынған активтерді жылыстату дерегі бойынша қылмыстық істі аяқтап сотқа жолдады. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол өз еркімен мемлекеттің меншігіне әртүрлі мүліктерді берді. Соны бірі Астанада орналасқан Көшек батыр 7 үйді атауға болады.

Гүлмира Кемел, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы:

- Негізі 80 балаға шақталған. Топтық группаларымыз бар, солармен 100-дей бала қабылдаймыз. Балаларға өте ұнайды. Жайлы, сондай кең.