Павлодар облысында Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығы аталып өтті

Павлодар облысында қазақтың көрнекті ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Баянауыл ауданына қарасты Мойылды шатқалында этноауыл бой көтеріп, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлері, атап айтқанда, көкпар, бәйге және қазақ күресінен жарыс өтті. Шара аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Қаныш Сәтбаевтың қызметі туралы кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- «Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады. Білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды. Жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайластырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игіліктерін көріп отыр. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін». Қасым-Жомарт Тоқаев.