Алматы облысында кезекшіліктен шыққан шекарашылар демалуына арналған жаңа бекет ашылды
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы таулы аймақта түнгі кезекшіліктен кейін сарбаздардың демалуына арналған жаңа шекара бекеті орнатылды.
Екі бөлмелі жаңа бекеттің ашылуы, шекарашылардың әсіресе қыс мезгілінде әскери қызметін лайықты атқаруына жағдай жасап, олардың жауынгерлік әзірлігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа шекара бекеті Алматы облысы Кеген ауданы Мыңжылқы ауылы маңында Қырғызстанмен шекаралас жерде салынды. Бұған дейін шекаралық аймақта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар өз бөлімшелеріне қайту үшін 30 шақырымдай қашықтықты жүріп өтуге мәжбүр болатын. Енді олар түнгі ауысымнан кейін жылы модульді кешенде демалатын болады. Онда бір уақытта 12 офицер тыныға алады.
Айдос Айтахунов, "Нарынқол" шекара бөлімінің бастығы:
- Бұл шекара бекете уақытша. Бұл шекара бекетінің негізгі мақсаты мына Аманжол шекара бөлімшесінің алыста орналасқан аймағына шекара нарядтарын жіберу кезінде осы жерге келіп өздері демалып, арықаратай өзіне қойған мақсаттарды, өзіне қойған бұйрықтарды жақсы орындау үшін осы орнатылып отыр.
Бір ғана Кеген өңірінде сарбаздардың демалуы үшін осындай тағы жеті жаңа шекара бекеті орнатылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 62 миллион теңге бөлінді. Онда шекара шебінде жүрген қызметкерлердің уақытша тұруына барлық жағдай жасалмақ. Орталықта арнайы қару сақтайтын және ас дайындайтын орын бар.
Кеңес Қабылбеков, Кеген ауданы әкімінің орынбасары:
- Сонымен қоса енді біз Қарқара ауылынан 6, шекарашыларға 6 тұрғын үй салып беру мәселесін де қарастырып жатырмыз. Бүгінгі күнде оның жобалық-сметалық құжаттары дайын болды. Енді сараптамадан өткізу жұмыстары ғана қалды. Егер ол өтетін болса болашақта оның да жұмысын келесі жылы осы қаражатқа байланысты арықарай жұмыс жалғасады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің құрамына Райымбек және Қарасай өңірлері бойынша шекара бөлімдері, сондай-ақ «Қалжат» және «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшелері кіреді. Биыл бұл аумақта шекара тәртібін бұзған 300-ге жуық адам ұсталды. Олардың 250-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әлібек Каюпов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы:
- Көршілес елдерді айтпағанда, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш республикаларының азаматтары мемлекеттік шекараны жиі бұзады. Олардың мақсаты – Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне шығу. Мәселен, қазір қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кескен 8 пәкістандық азаматқа қатысты тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250-ден аса шетелдік әкімшілік жазаға тартылды.
18 тамыз – Шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл. Айта кетейік, еліміздің шекаралық аймақтарында 101 бақылау-өткізу бекеті бар. Ел іргесінің тұтастығын қорғап, құқықтық тәртіпті бақылауда ұстау мақсатында күн сайын 10 мыңға жуық шекарашы жауынгер кезекшілікке шығып, қызмет етеді.
Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Сержан Жұмабаев