«Ауыл аманаты»: БҚО-да 1400 жұмыс орны ашылады

Батыс Қазақстан облысында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына қаралған қаржы кешеуілдеп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Күні бүгін өңірге бөлінген 6,3 миллиард теңгенің тек 1 миллиард теңгесі ғана тұрғындарға жеткен. Бірақ мамандар мақұлданған жобалардың бәрі де жыл соңына дейін жүзеге асатынын, жеңілдетілген несие толық көлемде игерілетінін айтады.

Бөрлі ауданы Приуральный ауылының тұрғыны Ольга Сдобняк өз ауласында көкөніс өсіреді, бау-бақша егеді. Екі жылыжай салып қойған. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құлпынай өсіруге 2,5%-пен несие алыпты. Көпбалалы ана осының арқасында отбасылық бизнесінің өркендеп келе жатқанын айтады.

Ольга Сдобняк, Бөрлі ауданы Приуральный ауылының тұрғыны:

-Біздің 5 баламыз бар. Үлкені 4-курсқа көшті. Екеуі мектеп бітіріп, енді студент атанып жатыр. Соларды жеткізу үшін кез келген кәсіптің жалына жармасып, табыс тауып жатырмыз. Жеңілдетілген несиенің сол отбасылық кәсібіміздің дамуына көмегі зор. Мына құлпынайлар күзге дейін өнім береді. Итальяндық сорт.

Приуральный ауылының тағы бір тұрғыны Арайлым Оразалиева «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, наубайхана ашқан. Тәтті күлше, торт пісіріп, ауылдастарының сұранысын өтеп отыр.

Арайлым Оразалиева, Приуральный ауылының тұрғыны:

- 6 миллион 400 мың несие алдық. Соған наубайхана жабдықтарын сатып алдық. Күн сайын пицца, донер, торт, пирог пісіремін. Тұрғындар тарапынан сұраныс бар. 4 адамға жұмыс беріп отырмыз.

Өз кәсібімді ашсам, жанұямның ризығын арттырсам деп армандайтын, бірақ қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген жандар аз емес. Сондай азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол. Бірақ биыл өңірге қаралған қаржы кешеуілдеп жатыр. Жоспарланған 6,3 миллиард теңгенің тек 1 миллиард теңгесі ғана игеріліпті. Дегенмен, мамандар тиісті қаржы толық көлемде жетіп, барлық жоба жүзеге асатынын айтады.

Жасұлан Халиуллин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Былтыр жыл қорытындысымен бөлінген қаржының 80%-і мал шаруашылығына берілгені анықталды. Сол себепті бағдарламаның жалпы республика бойынша кем дегенде 50%-тен көп бөлігі мал шаруашылығынан басқа бағытқа беру туралы тапсырма берілген болатын. Өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес биыл басым бағыттар ішіне құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, кооперативтерге біріккен ұйымдарды несиелеу бағытына басымдық берілді.

Күні бүгін өңірде 3,4 млрд теңгеге тұрғындардан өтінім түскен, 2 млрд теңгенің өтінімі мақұлданған. Жыл соңына дейін барлығы 771 жобаны жүзеге асырып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов