Жетісу облысында екі спорт кешені ашылды

Жетісу облысында екі бірдей спорт кешені ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бірі Текелі қаласында халық игілігіне тапсырылса, екінші нысан Қаратал ауданының Тастөбе ауылында пайдалануға берілді. Қос ғимарат спорт күніне орай салтанатты түрде ашылды. Аймақта қазір бұқаралық спортты дамыту ісі қарқынды жүріп жатыр. Кейінгі екі жылда 14 заманауи ғимарат салынды.

Кенді шахардағы сәулетті кешен 180 адамға арналған. Екі қабатты ғимарат олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Талабы таудай өрендер енді кең әрі заманауи құралдармен жабдықталған мекемеде жаттығады.

Ұлжан Ешкулова, Текелі қаласының тұрғыны:

- Волейболға қатысып жүргеніме төрт жыл болды. Текелі қаласында үлкен спорт залы ашылып жатқанына қуаныштымын. Текелі қаласының атын көтеріп, әлі облыстарда бірінші орын аламыз деп ойлаймыз.

Текелідегі спорт мектебінде 500 ге жуық бала оқиды. Жаңа ғимараттың ашылуымен олардың саны 800-ге дейін артады. Спорттың жеті түрімен шұғылданатын жасөспірімдер үшін қосымша үйірмелер ашу көзделген. Қаратал ауылы Тастөбе ауылының балалары да алаңсыз жаттығуға мүмкіндік алды. Блокты модульді кешенде волейбол, еркін және грек-рим күресінің секциясы бар.

Мәулен Мамыров, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Болашақта осы спорт кешенінен Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар шығады деп сенемін. Соған тілектеспін.

Жетісу облысы құрылғалы өңірде 14 спорт кешені салынды. Алдағы уақытты тағы бірқатар нысан пайдалануға беріледі.  

Ұлан Рысқұл, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- 2024 жылы бізде 9 спорттық нысанға 3,7 млрд теңге бөлінді. Ауылдық жерлерге көп көңіл бөлініп жатыр. Қазақстан халқына қорынан 2 спорт кешенін салып беріп жатыр. Ақсу ауданы Қапалда және Панфилов ауданы Көкталда салынып жатыр.

Бұдан бөлек, Талдықорғанда волейбол және үстел теннисі орталығының құрылысы жүріп жатыр. «Мұндай ғимараттардың көптеп салынуы аймақтағы бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді», - дейді мамандар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов