Ресей алаяқтық жасады деген күдіктіні Қазақстанға қайтарды

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды.

Бұл жөнінде еліміздің Бас прокуратурасы мәлімдеді. Күдікті Павлодарда 2019-2023 жылдар аралығында таныстарынан бизнесті дамыту үшін ақша алып, кепілдік ретінде өзіне тиесілі емес пәтер ұсынған. Салдарынан Павлодар қаласының 66 тұрғыны 223 млн теңгесінен қағылды. Ізінше жасырынған күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Әсел Беркалиева, ҚР Бас прокуратурасының өкілі:

- Өткен жылдың желтоқсан айында ол Ресей Федерациясы Адыгея Республикасының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.