Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 28 жыл
Биыл еліміздің Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 28 жыл. Атаулы датаға орай Ақтауда Каспий сақшылары сап түзеп, әскери шеру өткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Оған теңізшілерден бөлек, шекарашылар мен десантшылар да қатысты. Сондай-ақ БАҚ өкілдеріне ашық есік күні өткізіліп, кемелер мен су асты жауынгерлерінің дайындығы көрсетілді.
Атаулы күн таңғы сап түзеуден басталды. 600-дей жауынгер әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Ақтау көшелерін шерулетіп өтті. Артынша салтанатты жиын басталып, Әскери-теңіз күштерінің туы ресми түрде жоғары көтерілді.
Кейін басшылық тарапынан құттықтау сөздер айтылып, Әскери-теңіз күштерінің үздіктері марапатталды. Арасында матростардан бастап офицерлерге дейін бар.
Бауыржан Мұратұлы, Әскери-теңіз базасының командирі:
- Бүгінгі іс-шараға Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері толықтай қатысты. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтары болды. Шамамен 2 мыңға жуық адам жиналды. Осыдан 28 жыл бұрын дәл осы жерде бірінші рет Әскери-теңіз күштерінің туы көтерілген еді. Соны біз тарихи күн ретінде ардагерлерді шақырып, осындай іс-шара өткізіп жатырмыз.
Көп ұзамай ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерін кемеге мінгізіп, ашық теңізге алып шықты.
Ашық теңіз бен көк аспан. Ортасында бейбітшілікті ту еткен Каспий сақшылары. Олар осы Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігін күзетіп, қауіпсіздігіне жауап береді.
Теңізшілерге қойылатын негізгі тапсырма – Каспийден төнетін қауіп пен мұнайлы және портты аймақтарды қорғап, су асты диверсиясына лайықты тойтарыс беру. Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің қолданысында озық үлгіде жасалған 15 шақты кеме бар. Негізгі басымдық зымыранды-артиллериялық, минаға қарсы және патрульдік, гидрографиялық кемелерге берілген.
Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары:
- Диверсияға қарсы және десантты тастай алатын, жағаға түсіре алатындай жағдайы бар үлкен катерлер, қазіргі шығып жатқан зымыранды-ракеталы кемелеріміздің барлығы – өзіміздің отандық өнім. Орал қаласындағы «Зенит» зауытында шығады. Көрші елдермен байланысымыз өте жақсы. Жақында осы жерде Әскери-теңіз күштеріміз «Бірлестік-2024» үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сол жерде өзіміздің бауырлас Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан үлкен әскери бөлімшелері келіп, Әзербайжаннан 6 кеме келіп, бірге оқу-жаттығу өткіздік.
Кейін су асты жауынгерлерінің қызметімен таныстық. Теңіздегі операциялардың сәтті өтуі көп жағдайда сүңгуірлерге тікелей байланысты. Оның үстіне теңіз түбінде тапсырма орындау әлдеқайда қауіпті. Тіпті жаттығудың өзінде мертігіп қалуың мүмкін. Сондықтан сүңгуірлер қатарына тәжірибесіне толысқан, су астында көп сағат өткізген жауынгерлер алынады.
Жәнібек Салықбаев, Су асты диверсия құралдарымен күрес және су асты минадан заласыздандыру ротасының командирі:
- Негізі сүңгуірлерді дайындау өте ұзақ уақыт алады. Жауынгерлік жүзгіштерді кемінде 3 жылда дайындаймыз. Ал су асты жұмыстарын жасауға оларға да 2 жыл уақыт кетеді. Әскерге келетін жеке құрамнан бізге көбінесе келісімшарт қызметкерлері келеді. Жылына 10-15 адам оқытамыз, үйретеміз.
Каспий теңізінің 5 елмен шектесетінін білесіз. Соның 29%-тік үлесі, яғни 2340 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Ресейге 9%-і қараса, Әзербайжан 20%-не, Түрікменстан 21%-не, Иран 14%-не үстемдік етеді. Өзімізге тиесілі аумақ дәл осы жауынгерлердің қорғауында.
Авторлары: Мерей Қанапия, Бадғат Қайыркен.