Елімізде Қызыл кітапқа енген құстар құрып барады

Сонғы 10-15 жылда елімізде сұңқар тектес құс саны күрт азайып, жойылу қаупі туындады, деп хабарлайды 24kz.

Оның басты себебі – олардың біразы ауланып, араб елдеріне сатылды. Енді бірінің балапандарын алу кезінде ұялары бұзылды. Сонғы деректерге қарағанда, қазір елімізде 100-150 жұп қана ұя басады. Бұл туралы «Сұңқар» атты кең ауқымды табиғатты қорғау акциясына арналған жиында айтылды. «Охотзоопром өндірістік бірлестігі» Қызылорда өңірлік филиалы басшысының орынбасары Нүридин Қасымовтың айтынша, Қызыл кітапқа енген құстар еліміздің Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы, шөлейтті аймақтарын мекен етеді. Жыртқыш құс сәуір айында балапан басып, шілде соңында ұядан ұшырады. «Сондықтан осы кезде заңсыз құс аулаушылар көбейеді», - дейді табиғат жанашырлары. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу үшін қазір еліміздің 12 өңірінде ауқымды шаралар қолға алынған.

Зайыр Үстенов, Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының бас маманы:

- Былтыр бірлескен рейдтік іс-шаралар барысында «Охотзоопроммен» біріге отырып, бір заңбұзушылық анықталды. 2 сұңқар құсын ұстап келе жатқан бір азамат ұсталып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу шарасы көрілді. Бір ителгі құсына 700 АЕК қойылған. Қызыл кітапқа енген жануар болатын болса, 3 есеге көбейтіледі. Ал оны заңсыз аулаған болса, тағы да 1,5 есеге көбейтіледі. Жалпы бір ителгі құсына 11 млн 600 мың теңге айыппұл салынады.