«Қарағанды-Балқаш» автожолындағы ақаулар жойылды
«Қарағанды-Балқаш» автожолын қайта жаңарту кезінде анықталған ақаулар жойылды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері хабарлады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде жолдарды салу және жөндеу саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Сапаға тұрақты бақылау жасау үшін барлық өңірде мониторингтік жұмыс топтары құрылды.
Айта кетейік, Шет ауданы маңындағы «Қарағанды-Балқаш» автожол учаскесіндегі ақаулар ауыр жүк көліктерінің қозғалысынан пайда болған.
Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Ақаулар жойылды және сынақ нәтижелері стандарттарға (ҚР СТ 1225-2019) сәйкес келеді. Жабынның жоғарғы қабатын 2024 жылғы 30 тамызға дейін аяқтау және жолды 30 қарашаға дейін абаттандыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.