Кешіккен ұшақ үшін әуе компаниясының басшысы жазалануы тиіс
Ұшақтар кешіксе әуе компанияларының басшылары жауапқа тартылуға тиіс.
Бұл туралы көлік министрі мәлімдеді. Марат Қарабаевтың айтуынша, әуежай басшыларын да жазаға тарту мәселесі көтерілген. Бірақ әзірге заң жүзінде мұндай санкция қарастырылмаған. Министр әуе рейстерінің кешігуіне бірқатар себеп бар екенін айтады. Біріншіден елдегі алты бірдей әуежайда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күн райы өз алдына, адами фактор да рейстердің кешігуіне әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ ондаған әуе кемесі істен шыққан. Оның тең жарымына қолайсыз күн райынан зақым келген. Бұдан бөлек әуежай қызметкерлері салғырттығынан техникалық ақау анықталып жатады. Оған қоса жолаушы саны жыл санап 20 пайызға артқаны да әсерін тигізбей қоймайды, дейді көлік министрі. Дегенмен ведомство басшысы келесі айдың орта шенінен бастап рейстер уақытылы ұша бастайтынын жеткізді. Себебі әуежайлардағы құрылыс жұмыстары қыркүйекте аяқталуға тиіс.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Елдегі әуежайлардың жауапкершілігі қазір басты назарға алынып отыр. Бүгінде заң жүзінде оларды жауапқа тарту қарастырылмаған. Әуе компаниялары мен әуежайлардың бірінші басшыларын да жазалау қажет. Яғни қазір рейстердің кешіккені үшін әуе компаниясына айыппұл салынады. Ал біз ұсынған механизм бойынша басшыларына да айыппұл салу көзделіп отыр. Рейстің кешіккеніне әуе компаниясы айыпты болса, онда билет құнын толық қайтарады немесе келесі рейске отырғызуға міндеттеледі.