Жетісу облысында 488 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жетісу облысында 1 млн 200 мың гектардан астам жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған, деп хабарлайды 24kz.
Соның 719 мың гектары қабылданған шаралар нәтижесінде қайта айналымға енгізілді. Ал, 488 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл тұрғындарының қолданысына берілді. Сонымен қатар конкурс арқылы жеке қожалық ашқан шаруаларға, инвест жобаны қолға алғандарға үлестіріліп жатыр. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Олжас Әпеков ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану үшін өңірде арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру жалғасып жатқанын айтты.
Ермек Әпеков, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 69 тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарын облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан жүргізілді. 46 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер иелеріне ескерту берілді. Бір жылда пайдаланбаған жағдайда жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары сот тәртібі негізінде жүргізілетін болады.